Жақында Қытайдың Қырғызстандағы елшісі Лю Цзянпин «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында Қытай мен Қырғызстанның тауы мен өзені ортақ, достық қарым-қатынастағы көршілес елдер ғана емес, даму мен өркендеу жолындағы серіктестер екенін айтты. Мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығымен Қытай-Қырғызстан қатынастары тарихындағы ең үздік кезеңге жетіп, жаңа дәуірдегі жан-жақты стратегиялық әріптестік байланыстар тұрақты түрде тереңдеп, нақты нәтижелермен толығып келеді.
Лю Цзянпиннің айтуынша, соңғы жылдары Қытай мен Қырғызстан арасындағы саяси өзара сенім нығая түскен. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2022 жылдан бері жеті рет кездесті. Оның үшеуі тек өткен жылдың өзінде өтті. Соңғы жылдары екі елдің премьер-министрлері мен заң шығарушы органдарының басшылары өзара сапарлар жасады. Вице-премьерлер, министрлер мен жергілікті билік органдарының басшылары арасында да тығыз байланыс орнаған. Сонымен қатар сыртқы саясат ведомстволарының басшылары арасында стратегиялық диалог тетігі құрылды. Мұның барлығы жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылды тұрақты, институционалдық сипатқа ие етіп, ынтымақтастықты одан әрі жандандыра түсті.
Лю Цзянпин тараптардың өзара негізгі мүдделеріне қатысты мәселелерде бір-бірін қолдайтынын атап өтті. Қытай Қырғызстанның ұлттық тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауын, сондай-ақ саяси тұрақтылықты сақтау және экономикалық әрі әлеуметтік дамуды қамтамасыз етуге бағытталған шараларын табанды түрде қолдайды.
Өз кезегінде Қырғызстан «біртұтас Қытай» қағидатын берік ұстанып, Тайвань, Шыңжаң, Тибет және Гонконг мәселелеріндегі Қытайдың ұстанымын қолдайды.
«Қытай мен Қырғызстан бір-біріне жақын туыстары мен жақсы көршілері секілді шын жүректен игілік тілейді. Бұл екі мемлекет арасындағы тату көршілік пен өзара қолдаудың үлгісін қалыптастырып отыр», – деді елші.
Сауда-экономикалық байланыстар жаңа деңгейге көтерілді
Лю Цзянпиннің айтуынша, практикалық ынтымақтастық саласында Қытай ұзақ уақыт бойы Қырғызстанның ең ірі сауда серіктесі, импорттың және инвестицияның негізгі көзі болып келеді.
Өткен жылы Қытай мен Қырғызстан арасындағы сауда көлемі 27,2 млрд АҚШ долларына жетіп, тарихи рекорд орнатты. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде шамамен 20 пайызға өскен. Екіжақты сауда Қытайдың Орталық Азия елдерімен жалпы сауда айналымының төрттен біріне жуық бөлігін құрайды.
«Қырғызстан – «Бір белдеу, бір жол» бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдаған және оны бірлесіп жүзеге асыруға белсенді қатысып келе жатқан елдердің бірі. Екі мемлекет арасында «Бір белдеу, бір жолды» сапалы бірлесіп құру аясындағы нәтижелер айтарлықтай», – деді Лю Цзянпин.
Оның сөзінше, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы және Барскоон-Бедель автожолы сияқты стратегиялық ірі жобалар қарқынды жүзеге асырылып жатыр.
Бішкектегі жол желісін жаңғырту, жаңа Солтүстік-Оңтүстік автожолы, Датка-Кемин электр беру желісі мен қосалқы станциялары сияқты жобалар Қырғызстанның инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді. Ал Ош ауруханасы секілді көмек көрсету жобалары жүзеге асырылып, жергілікті тұрғындарға пайдасын тигізіп келеді.
Сонымен қатар екі елдің таза энергетика, заманауи ауыл шаруашылығы және цифрлық экономика салаларындағы ынтымақтастығы да кеңейіп келеді. Бішкекте қоқыстан электр энергиясын өндіру жобасының және Шу облысындағы қуаты 100 МВт болатын күн электр станциясының іске қосылуы Қырғызстанның жасыл даму бағытына жаңа серпін берді.
Гуманитарлық байланыстар да нығая түсті
Екі елдің білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау және жастар арасындағы алмасу секілді гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығы да тұрақты түрде тереңдеп келеді.
Лю Цзянпиннің айтуынша, қытайлық медициналық топтар Қырғызстанда «Денсаулық экспресі – жарыққа апарар жол» және «Құтқару жолындағы жүрек» жобаларын жүзеге асыруда. Бұл бастамалар катарактадан зардап шеккен 1400-ден астам қырғызстандық науқастың көру қабілетін қалпына келтіруге және туа біткен жүрек ақауы бар 20-ға жуық баланың ем алуына мүмкіндік берген.
Екі ел бірлесіп құрған төрт Конфуций институты қырғызстандық студенттердің қытай тілін үйренуіне арналған маңызды алаңға айналды. Ал Лу Бань шеберханалары Қырғызстанның дамуы мен құрылысына қажетті жоғары білікті техникалық мамандарды даярлап жатыр.
Бішкекте Қытай мәдени орталығы ашылып, «Көктем мерекесі» секілді мәдени іс-шаралар кеңінен қолдау тапты. Сонымен қатар тараптар бірлескен археологиялық зерттеулер, әдеби шығармаларды өзара аудару, кино және телевизиялық туындылармен алмасу, өнер ұжымдарының өнер көрсетуі сияқты бағыттардағы ынтымақтастықты күшейтіп келеді.
«Екі ел қоғамының түрлі салалары өкілдері арасындағы байланыстардың ауқымы мен тереңдігі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Адамдар бір-біріне туыстарына барғандай жиі қонаққа барады. Мұның өзі екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың қоғамдық негізін одан әрі нығайта түсті», – деді елші.
Халықаралық аренадағы ынтымақтастық
Лю Цзянпин Қытай мен Қырғызстанның көпжақты ынтымақтастығы да тұрақты түрде нығайып, жаһандық басқару жүйесін жетілдіруге өз үлесін қосып отырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, Қытай мен Қырғызстанның көптеген маңызды халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша ұстанымдары жақын. БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және «Қытай – Орталық Азия» механизмі сияқты көпжақты алаңдар аясында екі ел тығыз ынтымақтастық орнатып келеді.
«Қытай Қырғызстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын шын жүректен құттықтайды. Қырғызстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету міндеттерін атқаруына толық қолдау көрсетеді және Қырғызстанның халықаралық әрі өңірлік мәселелерде анағұрлым маңызды рөл атқаруға ұмтылысын қолдайды», – деді Лю Цзянпин.
Сонымен бірге Қырғызстан тарапы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ұсынған адамзаттың тағдырлас қауымдастығын қалыптастыру тұжырымдамасын және төрт жаһандық бастаманы жоғары бағалайды.
Биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толады.
«Қытай мен Қырғызстан – Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізін қалаушы мемлекеттер. Екі ел әрдайым «шанхай рухының» ортақ бағыттаушылары әрі Шанхай ынтымақтастық ұйымының дамуының маңызды қозғаушы күштері болды», – деп атап өтті Лю Цзянпин.
Ол 25 жыл бойы Қытай мен Қырғызстан ШЫҰ аясында тығыз байланыста жұмыс істеп, ортақ мүдделерді қорғап, ұйымның дамуы мен нығаюына бірлесіп ықпал етіп келе жатқанын айтты.
«Мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығымен және екі ел халқының бірлескен күш-жігерінің арқасында Қытай-Қырғызстан достығы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, мәңгілікке жалғасады деп сенемін. Қытай мен Қырғызстан міндетті түрде ортақ даму мен ортақ өркендеуге қол жеткізеді. Ал Қытай мен Қырғызстанның тағдырлас қауымдастығын бұдан да жарқын болашақ күтіп тұр», – деді Қытайдың Қырғызстандағы елшісі Лю Цзянпин.
«Синьхуа» агенттігінің тілшілері Цзян Юйлинь, Чжэн Юй
