2025 жылдың қыркүйегінде Алматы метросы 3,1 миллионнан астам жолаушы тасымалдап, өзінің бүкіл тарихындағы ең жоғары айлық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға көп болды.
Ал «Қайрат» пен Мадридтің «Реалы» арасындағы матч өткен күні метроны 143 мыңға жуық адам пайдаланып, тәуліктік рекорд орнатылды.
Қалқаман – жаңа кезеңнің бастауы
Алматы метросының тарихы мұнымен аяқталған жоқ.
2026 жылы қаладағы ең маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Қалқаман станциясының құрылысы жалғасуда. Жылдың алғашқы төрт айында оған республикалық бюджеттен 20,5 миллиард теңге бөлінді. Қазір құрылыс алаңында рельстер төселіп, инженерлік жүйелер орнатылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша жаңа станция 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.
Бірақ бұл соңғы аялдама болмайды. Қала билігі метроны әрі қарай Барлық базары бағытына ұзартуды жоспарлап отыр. Жоба аясында тағы үш жаңа станция салынып, оған шамамен 450 миллиард теңге инвестиция тарту көзделген. Бұл Алматының көлік жүйесін жаңа деңгейге көтеретін ең ірі жобалардың бірі болмақ.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Алматы метросын өзгелерден ерекшелендіретін не?
Алматы метросы – инженерлік тұрғыдан ТМД кеңістігіндегі ең күрделі метрополитендердің бірі. Оның басты ерекшелігі – жоғары сейсмикалық аймақта орналасуы. Алматы метрополитенінің ресми мәліметінше, құрылыс аумағы MSK шкаласы бойынша 9–10 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін өңірде орналасқан. Бұған қоса, құрылыс Солтүстік Тянь-Шаньның күрделі геодинамикалық белдеуінде, тауалды еңісті рельефте жүргізілді. Сондықтан метроны жобалау кезінде сейсмикалық қауіпсіздікке ерекше мән беріліп, тоннельдер мен станциялар күрделі инженерлік шешімдер негізінде салынды.
Метроның тағы бір ерекшелігі – әр станцияның өзіндік сәулеттік тұжырымдамамен безендірілуі. «Абай» станциясы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының мұрасына арналса, «Жібек жолы» Ұлы Жібек жолының тарихын бейнелейді. Ал «Байқоңыр» станциясында ғарыш тақырыбы көрініс тапқан. Осылайша Алматы метросы жолаушыларды тасымалдайтын көлік қана емес, қала тарихы мен ұлттық мәдениетті танытатын ерекше сәулеттік кеңістікке айналған.






