Қырғызстанның Жалал-Абад облысындағы Манас қаласына арнайы мәртебе беріліп, елдің екінші экономикалық орталығы ретінде дамытылады. Бұл туралы президент Садыр Жапаров «Алдағы бесжылдықтың стратегиялық міндеттері туралы» республикалық кеңесте мәлімдеді деп хабарлайды SteppeNews.kz 24.kg сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының айтуынша, Манас қаласы елдің оңтүстігіндегі маңызды көлік-логистикалық хабқа және іскерлік орталыққа айналмақ.
Садыр Жапаров сөзінде аумақтық жоспарлау мен халықты қоныстандыру жүйесін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ өңірлердің даму деңгейіндегі айырмашылықты азайту, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру және жаңадан құрылған әкімшілік-аумақтық бірліктердің ресурстық базасын кеңейту жұмыстары жалғасатынын айтты.
Президент қалаларды экономикалық өсудің негізгі тірек орталықтары ретінде дамыту маңызды екенін жеткізді.
Сонымен қатар Қырғызстанда 2050 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жерді ұтымды пайдалану және аумақтарды дамыту тұжырымдамасына сәйкес ұзақ мерзімді мемлекеттік саясат жүргізу қажеттігі айтылды.
Келесі материал: Қытайдың теңіз қақпасы: Нинбо—Чжоушань порты
