Жазғы маусым «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі үшін туристер ең көп келетін кезеңмен қатар өрт қаупі де жоғары уақытқа тұспа-тұс келді. Шамамен 130 мың гектар аумақты қамтитын ұлттық паркте бір мезетте өрт қауіпсіздігін бақылау, туристер көп шоғырланатын орындарды қадағалау, заң бұзушылықтардың алдын алу және табиғи кешендерді қорғау жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды SteppeNews.kz «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үш ай ішінде ұлттық парк аумағында 12 өрт оқиғасы тіркелген. Олардың барлығы дер кезінде анықталып, бастапқы кезеңде сөндірілді. Нәтижесінде Бурабайда ірі орман өрттеріне жол берілген жоқ.

Өртті ерте анықтау — басты міндет
Ұлттық парктегі өрт қауіпсіздігінің негізгі қағидаты — өртті мүмкіндігінше ерте анықтау.
Аумақты парк қызметкерлері тұрақты бақылауда ұстайды. Сонымен қатар Smart жүйесі ықтимал өрт ошақтарын қашықтан анықтап, ақпаратты жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Ал оқиға орнына барып, қажетті шараларды қабылдауды қорғалатын аумақта жұмыс істейтін инспекторлар қамтамасыз етеді.
Осы мақсатта ұлттық парк аумағында 27 кордон жұмыс істейді. Өрт қаупі жоғары кезеңде мұндай жүйе өртті анықтау мен қызметкерлердің оқиға орнына жетуі арасындағы уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.
Алайда жаздағы қауіп тек ауа райымен байланысты емес. Демалушылар саны артқан сайын ормандарға, көлдерге және танымал туристік бағыттарға түсетін жүктеме де көбейеді.
20-дан астам рейд өткізілді

Осыған байланысты жаз мезгілінде келушілер арасында бақылау және түсіндіру жұмыстары күшейтілді.
Маусым барысында 20-дан астам ведомствоаралық рейд ұйымдастырылды. Демалыс және мереке күндері олардың қарқындылығы артты. Рейдтерге ұлттық парктің мемлекеттік инспекторларымен қатар полиция, прокуратура, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.
Негізгі заң бұзушылықтардың қатарында автокөліктердің орман алқаптары мен көл жағаларына рұқсатсыз кіруі, белгіленбеген орындарға шатыр тігу, аумақты ластау және өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу болды.
Орман ішінде кәуап дайындау үшін от жаққан азаматтарға 100 АЕК, яғни 432 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Рейдтер тек жаза қолдануға бағытталған жоқ. Инспекторлар демалушыларға көлікті қай жерге қоюға, шатырды қайда тігуге болатынын және өрт қаупі жоғары кезеңде қандай шектеулер енгізілетінін түсіндірді.
Бұл ақпарат әлеуметтік желілер мен ұлттық парктің ресми ресурстары арқылы да таратылды.
Танымал орындар камера бақылауына алынды

Биыл ұлттық парктегі бақылау жұмыстары цифрлық технологиялармен де толықты.
Туристер көп баратын жеті табиғи нысанға 14 камера орнатылды. Олар Бөлектау, «Махаббат алаңы», Аютас, Кебістас, Максимка, «Мойнақ жартасы» және «Иманай бұлағы» бақылау алаңдарын қамтиды.
Бейнебақылау жүйесінен түсетін ақпарат «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жедел басқару орталығына жіберіледі.
Бұл мамандарға танымал туристік бағыттардағы жағдайды қашықтан бақылап, ықтимал қауіптерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар келушілер саны туралы нақты деректер жиналып, қай табиғи нысандарға туристік жүктеменің көп түсетіні анықталады.
Үш айда 514 тонна қоқыс шығарылды
Туристік ағынның табиғатқа түсіретін салмағын қалдық көлемінен де байқауға болады.
Үш жаз айында ұлттық парк аумағынан шамамен 514 тонна қалдық шығарылған. Бұл көлем шамамен 20 миллион бос пластик бөтелкеге тең.
Сондықтан аумақты тазалау жұмыстары демалушыларға қоқысты табиғатта қалдырмау туралы тұрақты түсіндіру жұмыстарымен қатар жүргізілді.
Жүздеген мың адам келетін жағдайда бір адамның қалдырған бөтелкесі немесе пакеті аз көрінуі мүмкін. Алайда осындай ұсақ қалдықтар маусым соңында ондаған, тіпті жүздеген тонна қоқысқа айналады.

Туристер көрмейтін жұмыс та бар
Ұлттық парктің қызметі туристер көп баратын орындармен ғана шектелмейді.
Инспекторлар туристік бағыттарды патрульдеп, өрт сөндіру қызметтері жағдайды бақылап жатқан кезде, мамандар табиғи кешендерге ғылыми мониторинг жүргізіп, биотехникалық іс-шараларды жалғастырады.
Яғни Бурабайды қорғау жұмысы туристік соқпақтар аяқталған жерде тоқтамайды.
Жазғы маусымның аяқталуы бұл жұмыстың да аяқталғанын білдірмейді. Туристік жүктеме біртіндеп азайғанымен, ұлттық парк аумағында ормандарды қорғау, табиғи кешендердің жағдайын бақылау және аумақты келесі маусымға дайындау жұмыстары жыл бойы жалғасады.
Бурабайдың туристік маусымы осылайша тек демалушылар саны мен табиғи көріністермен емес, мыңдаған гектар аумақты қорғау, қауіптің алдын алу және табиғатқа түсетін жүктемені басқару жұмыстарымен де өлшенеді.
