Бүгін Қазақстанда мыңдаған оқушы мектеп табалдырығын аттап, жаңа оқу жылын бастады. Бірақ неге оқу жылы дәл 1 қыркүйекте басталады? Бұл дата табиғи заңдылық па, әлде тарихи шешімнің нәтижесі ме? Әлемнің барлық елінде балалар мектепке күзде бара ма?
Бір қарағанда, 1 қыркүйек пен мектептің байланысы ешқашан өзгермегендей көрінеді. Балалар қолына гүлін ұстап, жаңа сөмкесін асынып, алғашқы қоңырауға жиналады. Ата-аналар үшін бұл — жазғы демалыстың аяқталғанын білдіретін күн, ал бірінші сынып оқушылары үшін мүлдем жаңа өмірдің бастауы.
2026–2027 оқу жылында да мектептердегі сабақ 1 қыркүйекте басталды. Алайда 1 қыркүйек әрдайым оқу жылының алғашқы күні болған жоқ.
1 қыркүйек қашаннан бері оқу жылының алғашқы күні?
Бүгінде 1 қыркүйекті мектеппен байланыстыру соншалықты үйреншікті болғандықтан, бұл тәртіптің салыстырмалы түрде жақында қалыптасқанын көпшілік біле бермейді.
1930-жылдардың ортасына дейін Кеңес Одағында оқу жылының басталуына қатысты бірыңғай күн болмаған. Оқу орындары жергілікті жағдайға қарай сабақтың қашан басталатынын өздері белгілеген.
Ал 1935 жылы Кеңес өкіметінің шешімімен КСРО аумағындағы мектептер үшін оқу жылының бірыңғай басталу күні белгіленді — ол 1 қыркүйек болды. Бұл шешім мектеп өмірін бір жүйеге келтіруге бағытталған білім беру реформаларының бір бөлігі еді.
Осылайша біз бүгін табиғи нәрсе ретінде қабылдайтын «1 қыркүйек — мектептің алғашқы күні» деген дәстүрдің нақты тарихи бастауы бар.
Бірақ 1 қыркүйектің тарихы 1935 жылдан да әріге кетеді.
Неге дәл қыркүйек?
1 қыркүйектің таңдалуы кездейсоқ емес деуге негіз бар. Оның тамыры Ресейдегі одан да ертеректегі күнтізбелік дәстүрлермен байланысты.
Петр І дәуіріне дейін Русьте жаңа жылдың басталуы 1 қыркүйекке сәйкес келген. Кейін Петр І күнтізбелік жаңа жылды 1 қаңтарға ауыстырғанымен, 1 қыркүйек халық жадында маңызды күн ретінде сақталып қалды.
Ал мектептерде оқу жылын дәл осы күні бастау дәстүрі бірден орныққан жоқ. XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында оқу орындарының сабақ бастау уақыты әр кезеңде әртүрлі болған.
Сондықтан «мектептер ежелден бері 1 қыркүйекте басталған» деу дұрыс емес. Бірыңғай оқу күні Кеңес Одағында тек 1935 жылы бекітілді.
1 қыркүйек қалай Білім күніне айналды?
Оқу жылының басталу күні болған 1 қыркүйек кейіннен тұтас бір мерекеге айналды.
1984 жылғы 15 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жарлығымен 1 қыркүйек Білім күні ретінде белгіленді. Осыдан кейін бұл к.н мектептегі салтанатты жиындармен, алғашқы қоңыраумен және жаңа оқу жылының басталуымен тікелей байланыса түсті.
Кеңестік кезеңде 1 қыркүйектегі алғашқы сабақтың өзіндік дәстүрлері де болған. Мектептерде салтанатты жиын өткізіліп, одан кейін алғашқы сабақ ұйымдастырылатын.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де 1 қыркүйек оқу жылының басталатын күні ретінде сақталды. Бүгінде бұл күн елдегі ең таныс мектеп дәстүрлерінің біріне айналды. Қазақстанның мемлекеттік органдары да 1 қыркүйекті Білім күні және жаңа оқу жылының басталуы ретінде атап өтеді.
Қазақстан ғана емес: тағы қай елдерде сабақ 1 қыркүйекте басталады?
1 қыркүйек дәстүрі Кеңес Одағының білім беру жүйесімен байланысты болғандықтан, бұл күнді посткеңестік кеңістіктің бірқатар елдерінен кездестіруге болады.
Мысалы, Қырғызстанда 1 қыркүйек Білім күні ретінде атап өтіледі. Қырғызстан Үкіметінің ресми хабарламаларында бұл күн жаңа оқу жылының басталуымен байланыстырылады.
Арменияда да 1 қыркүйек оқу жылының басталуы және Білім күні ретінде аталып келеді. Бұл туралы Армения Үкіметінің ресми хабарламаларында бірнеше рет жазылған.
Ал Қазақстанның мемлекеттік ресурстарындағы мәліметтерге сәйкес, 1 қыркүйек Ресей, Армения, Беларусь, Молдова, Түрікменстан және Украина сияқты бірқатар посткеңестік мемлекеттерде де Білім күні ретінде аталып өтеді.
Яғни 1 қыркүйек — бүкіл әлемге ортақ оқу жылының басталу күні емес. Бұл — белгілі бір тарихи және білім беру дәстүрінің ықпалымен қалыптасқан мейрам.
Ал әлемнің басқа елдерінде мектеп қашан басталады?
Бұл жерде қызық айырмашылықтар пайда болады.
Мысалы, Жапонияда оқу жылы Қазақстандағыдай қыркүйекте емес, 1 сәуірде басталады. Елдің білім беру жүйесі бойынша бастауыш және орта білім беру ұйымдарының оқу жылы 1 сәуірден келесі жылдың 31 наурызына дейін созылады.
Жапонияда көктемнің басталуымен қатар жаңа оқу жылының ашылуы елдің мәдени және әлеуметтік өмірімен де тығыз байланысты. Сондықтан жапон баласы үшін сәуір айы біздегі қыркүйек секілді жаңа кезеңнің басталуын білдіреді.
Германияда жағдай мүлдем басқаша. Мұнда бүкіл елге ортақ бір ғана оқу жылының басталу күні жоқ. Германия 16 федералдық жерден тұратындықтан, мектеп демалыстары мен оқу күнтізбесі жерлер арасында бөлінеді. Жазғы демалыстың уақыты да бірнеше жылға алдын ала келісіліп, әр өңірде кезектесіп белгіленеді.
АҚШ-та да мектептің нақты басталу күні штатқа және мектеп ауданына байланысты өзгереді. Pew Research Center-дің АҚШ-тағы 1,500-ден астам мектеп ауданын қамтыған зерттеуіне сәйкес, оқу жылы кейбір аудандарда шілденің соңында басталса, кей жерлерде қыркүйектің басына дейін созылады.
Демек, «мектеп міндетті түрде қыркүйекте басталуы керек» деген әмбебап халықаралық ереже жоқ.
Бір күн— әртүрлі мағына
Қазақстан үшін 1 қыркүйек — жай ғана күнтізбедегі кезекті күн емес.
Біреулер үшін бұл мектепке алғаш қадам басқан күн. Бірінші сынып оқушысы үшін — жаңа сөмке, жаңа сынып, жаңа мұғалім және бейтаныс орта. Жоғары сынып оқушысы үшін — достарымен қайта қауышатын күн. Ал ата-ана үшін — баласының өміріндегі кезекті маңызды кезеңнің басталуы.
Осы айтулы күнмен барша оқушыны, ұстаздар мен ата-аналарды құттықтаймыз! Жаңа оқу жылы білімге, ізденіске, жарқын жетістіктерге және жақсы жаңалықтарға толы болсын!
