4 қыркүйекте Женева қаласында «Даланың саяхаты» жобасы аясында «Дала мен таулар» атты арнайы гастрономиялық кеш ұйымдастырылды. Шара барысында қазақстандық асхананың дәстүрлі дәмдері заманауи форматта ұсынылды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Michelin жұлдызымен марапатталған Bayview мейрамханасында Qazaq Gourmet брендінің бас аспазы Артём Канцев пен танымал француз аспазы, Bocuse d’Or жүлдегері әрі Meilleur Ouvrier de France атағының иегері Мишель Рот бір асүйде жұмыс істеді.

Кешке арнайы әзірленген мәзір қазақтың дәстүрлі өнімдері мен ұлттық тағамдарына негізделді. Қонақтарға жабайы өрік қосылған дала бөкенінің паштеті, бауырсақ пен түйе құырдағы, «Құрттың төрт өмірі» және Шымкент қозысы ұсынылды.
Мәзірде қазақ асханасының дәстүрлі өнімдерін жаңа гастрономиялық тәсілдермен ұштастыруға басымдық берілді. Осы арқылы ұлттық тағамдардың ерекшелігін халықаралық аудиторияға таныстыру көзделді.

Женевадағы кеш «Даланың саяхаты» жобасы аясында Париж бен Лиссабонда өткен гастрономиялық шаралардың жалғасы болды.
Жоба арқылы қазақ асханасының ерекшеліктерін шетелдік аудиторияға таныстыру және Қазақстанның гастрономиялық мәдениетін халықаралық деңгейде ілгерілетуге мән беріліп отыр.
Келесі материал: «Қыркүйек пе, қыргүйек пе?»: Қай нұсқа дұрыс?
