Жаз – кәуап пісірудің, табиғат аясындағы демалыстың және пикниктердің маусымы. Алайда дәл осы кезеңде тағамнан улану мен жедел ішек инфекцияларының қаупі айтарлықтай артады. Мұндай жағдайлардың салдары адамдардың денсаулығына ғана емес, экономикаға да әсер етеді.
Qazaq Expert Club-тың тағам қауіпсіздігі саласындағы сарапшысы, қауымдастырылған профессор Лаура Аутелеева әріптестерімен бірлесіп зерттеу жүргізді. Оның аясында қауіпсіз емес тағам өнімдерін тұтынудан туындайтын ауруларға байланысты экономикалық шығындарға алдын ала бағалау жасалды.
«Зерттеу нәтижелері бойынша жыл сайынғы жалпы экономикалық шығын шамамен 4,1 млрд теңгені құрауы мүмкін. Айта кету керек, бұл – мемлекеттік ресми статистика емес, зерттеу нәтижелеріне негізделген сараптамалық бағалау», – дейді сарапшы.
Лаура Аутелееваның айтуынша, мұндай жағдайлардың басым бөлігі өнімдерді сақтау, тасымалдау және дайындау ережелерінің қарапайым талаптарын сақтамаудан туындайды. Сондықтан әсіресе жаз мезгілінде тағамнан улануға жиі әкелетін қателіктерді білу маңызды.
«+5-тен +60 °C-қа дейінгі аралық қауіпті температура аймағы болып саналады. Бұл жағдайда ауру қоздырғыш микроорганизмдер өте белсенді көбейеді. Қолайлы жағдайда кейбір бактериялар әр 20–30 минут сайын екі еселеніп отырады. Сондықтан тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқышсыз бір сағаттан артық қалдыруға болмайды. Осы уақыттан кейін тағамнан улану қаупі күрт өседі», – деп түсіндіреді Аутелеева.
Сарапшының айтуынша, тағам арқылы таралатын инфекциялардың ең кең таралған қоздырғыштары – сальмонелла, ішек таяқшасы, стафилококк, листерия және басқа да бактериялар. Олардың кейбірі тек көбейіп қана қоймай, қайта қыздырған кезде де толық жойыла бермейтін токсиндер бөледі.
Жазғы демалыс кезінде жіберілетін ең жиі қателіктердің бірі – дайын тағамды ыстықта ұзақ уақыт қалдыру. Кәуап, майонез қосылған салаттар, сүт өнімдері, десерттер және дайын ет тағамдары бірнеше сағат бойы бөлме температурасында тұрмауы тиіс.
«Қайта қыздыру мұндай тағамды әрдайым қауіпсіз етпейді. Егер бактериялар токсин бөліп үлгерсе, жоғары температура олардың бәрін бірдей жоя алмайды», – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, тағы бір жиі кездесетін қателік – рұқсат етілмеген сауда орындарынан азық-түлік сатып алу. Температуралық режим сақталмай сатылатын үй жағдайында дайындалған сүт өнімдері, ет, балық және аспаздық өнімдер қауіпті ішек инфекцияларының көзіне айналуы мүмкін.
«Сонымен қатар өнімнің қаптамасын мұқият тексеру қажет. Ісінген консерві банкаларын немесе бүлінген қаптамаларды міндетті түрде тастау керек. Герметикалық жабылған консервіні ашқанда міндетті түрде тән дыбыс шығуы тиіс. Егер ондай дыбыс болмаса, мұндай өнімді тұтынуға болмайды», – деп ескертеді Лаура Аутелеева.
Сарапшы асүй мен тоңазытқыштың тазалығын сақтауға, асүй сүлгілерін, ыдыс жуатын губкалар мен шүберектерді жиі ауыстыруға кеңес береді, өйткені олар бактериялардың таралу көзіне айналуы мүмкін.
«Шикі ет пен дайын тағамға бір ғана турайтын тақтайды пайдалану – айқаспалы ластанудың ең жиі себептерінің бірі. Шикі еттегі бактериялар көкөністерге, көкке, нанға және кейін термиялық өңдеуден өтпейтін басқа өнімдерге оңай жұғады. Сондықтан шикі ет пен дайын тағам үшін әрқашан бөлек пышақтар мен турайтын тақтайларды пайдалану қажет», – дейді Лаура Аутелеева.
Сарапшының айтуынша, дәл ет өнімдері көбіне сальмонелламен және басқа да тағамдық инфекция қоздырғыштарымен жұқтырудың негізгі көзі болады. Сондықтан толық піспеген тауық еті мен тартылған еттен дайындалған тағамдарды тұтыну денсаулыққа елеулі қауіп төндіреді.
«Жазда демалыс орнына дейінгі жолдың өзі де қауіп тудыруы мүмкін екенін ұмытпау керек. Егер ет, сүт өнімдері немесе дайын тағамдар бірнеше сағат бойы қызған көліктің ішінде тұрса, олардың бұзылу қаупі айтарлықтай артады. Сондықтан тез бұзылатын өнімдерді тасымалдау үшін термосөмке немесе салқындатқыш сөмке қолданған дұрыс», – дейді Аутелеева.
Оның айтуынша, дайын тағамдарды тоңазытқышта үш тәуліктен артық сақтауға болмайды, ал дүкеннен алынған өнімдер өндіруші көрсеткен сақтау мерзімі мен шарттарына сәйкес сақталуы тиіс.
«Тек жарамдылық мерзіміне ғана сенуге болмайды. Егер өнімнің дәмі өзгерсе, жағымсыз иісі болса немесе қандай да бір күмән тудырса, оны тұтынудан бас тартқан дұрыс», – деп толықтырды сарапшы.
Сонымен қатар ол дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарынан дайын тағам сатып алғанда сақ болуға кеңес береді, әсіресе сақтау талаптарының сақталғанына сенімділік болмаса.
«Температуралық режимнің бұзылуы екі сағаттың ішінде-ақ патогенді микроорганизмдердің белсенді көбеюіне әкелуі мүмкін. Сондықтан жаз мезгілінде санитарлық талаптардың сақталатынына күмән туғызбайтын сауда орындарын таңдаған жөн», – дейді Лаура Аутелеева.
Сөз соңында сарапшы жаз мезгіліндегі тағамнан улану жағдайларының көпшілігінің алдын алуға болатынын еске салады. Көбіне оған сирек кездесетін инфекциялар емес, қарапайым тұрмыстық қателіктер себеп болады: тағамды ыстықта ұзақ қалдыру, температуралық режимді бұзу немесе өнімдерді жеткілікті деңгейде термиялық өңдемеу. Сондықтан қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау – жазғы демалыста өзіңізді және жақындарыңызды қорғаудың ең тиімді жолы.
Ақпарат Qazaq Expert Club — тан алынған
