SteppeNews.kz: Ғылым қызметкерлері күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан пәтер кілтін алған 10 жас ғалым баспаналарына қоныстанды. Астана мен Алматы қалаларынан өтеусіз негізде берілген бұл пәтерлер жас зерттеушілердің кәсіби қызметіне алаңсыз көңіл бөлуіне жағдай жасамақ. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді.
Марапаттау рәсімінде Президент ғылымның ел бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, ғылым мен білімге инвестиция салған мемлекеттер ғана әлемдік аренада алдыңғы қатардан көрінеді. Бүгінде елімізде 600-ден астам жас ғалым баспанамен қамтылып, олар үшін арнайы гранттар мен әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту мүмкіндіктері қарастырылған.

Алматы қаласында пәтер алғандардың бірі — Сәтбаев университеті Физика-техникалық институтының ғылыми қызметкері Арман Өмірзақов. Оның ғылымдағы өтілі 15 жылды құрайды. Ғалым халықаралық рецензияланатын журналдарда жарияланған 20-дан астам ғылыми еңбектің авторы, сондай-ақ Қазақстанның 8 патентінің тең авторы. Оның зерттеулері энергетика саласындағы перспективалы бағыттарды, соның ішінде отын элементтері, микробатареялар және фотокаталитикалық материалдарды қамтиды. Жаңа қоныс иесі өз қуанышымен былай деп бөлісті:
«Ақордада мен Президенттің қолынан өтеусіз негізде берілген пәтердің сертификатын алдым. Ал бүгін Алматы қаласында сол пәтерге қоныс аударып отырмын. Мемлекет ғылымды дамытуға және гранттық жобаларды қолдауға үлкен көңіл бөліп отыр, бұл ғылыми қызметкерлер мен жас ғалымдарға алдағы жұмысқа және кәсіби өсуге қуатты серпін береді», – деді Арман Өмірзақов.

