SteppeNews.kz: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты еліміздің жоғары мемлекеттік марапаты – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Марапаттау рәсімінде Президент бұл шараны өткізу қазақ тарапы үшін зор мәртебе екенін атап өтіп, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
Біз Сізді өз халқын алға бастап келе жатқан парасатты, білікті, ірі саясаткер деп білеміз, сыйлаймыз. Моңғолияны көркейту жолындағы қажырлы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Салиқалы саясатыңыздың арқасында еліңіз өсіп-өркендеп келеді. Өзіңіздің бастамаңызбен түрлі салада тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Моңғолияның экономикасы дамып, халқыңыздың әл-ауқаты жақсарды. Сонымен қатар еліңіздің аймақтағы және әлемдегі беделі арта түсті. Сіздің басшылығыңызбен моңғол жұрты алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздер барысында тараптар транзиттік-көлік саласындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселесіне айрықша назар аударды. Сондай-ақ Қазақстан Президенті еліміздің жыл сайын моңғол азаматтарына білім гранттарын бөліп келе жатқанын, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін атап өтті.

Ресми кездесулердің қорытындысы бойынша екі елдің делегация мүшелері бірқатар маңызды құжаттармен алмасты. Олардың қатарында сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастықты дамыту, сауда-экономикалық қатынастарды жандандыру, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар бар. Бұл құжаттар алдағы уақытта екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

