SteppeNews.kz: Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрнекті ақын, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың дүниеден озуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.Қырғыз басшысы бұл қазаны бүкіл түркі әлемі мен қырғыз халқы үшін орны толмас ауыр шығын деп атады. Бұл туралы Қырғызстан басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Садыр Жапаров өз жеделхатында Мұхтар Шахановты қазақ халқының біртуар перзенті ғана емес, Қырғызстанның халық ақыны және заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың ең жақын досы ретінде еске алды. Ол Шахановтың Қазақстанның Қырғызстандағы тұңғыш Төтенше және Өкілетті Елшісі ретінде екі бауырлас елдің рухани және дипломатиялық байланысын нығайтуға қосқан зор еңбегін ерекше атап өтті.
«Мұхтар аға бауырлас қазақ халқының ғана емес, көп миллионды қырғыз халқының да рухани ұстазы болды. Қырғыз жұртшылығы тағы бір биік шыңынан, рухани тірегінен айырылып, жүрегінің бір бөлігін жоғалтқандай ауыр күй кешуде. Осындай ұлы тұлғалар туралы халық арасында «ол кеткенде тұтас бір дәуір қоса кетті» деп айтылады. Расында да, Мұхтар ағаның мәңгілікке аттануымен түркі әлемінен тұтас бір кезең аяқталды», — делінген жеделхатта.
Президент Садыр Жапаров ақынның қайсар мінезіне, оның кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік жылдарында да шындықты айтудан тайсалмаған күрескерлігіне тоқталды. Әсіресе, «Желтоқсан» оқиғаларына қатысты принципті ұстанымын ешқандай қуғын-сүргінге қарамастан батыл қорғағанын жоғары бағалады.
Ақынның поэтикалық және азаматтық үні қазақ пен қырғызға бірдей жақын болғанын айта келе, Садыр Жапаров қаралы күнде барша бауырлас қазақ халқына және марқұмның туған-туыстарына терең қайғырып көңіл айтты.

