Қырғызстанда мемлекеттік және муниципалдық қызметшілердің қосымша ақылы жұмыспен айналысуына мүмкіндік беретін жаңа өзгерістер енгізілді. Енді саяси және арнайы лауазым иелері негізгі қызметіне кедергі келтірмейтін жағдайда кәсіби саласына қатысты қосымша жұмыс атқарып, табыс таба алады. Тиісті жарлыққа Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қол қойды, деп жазады SteppeNews.kz 24.KG — ға сілтеме жасап.
Шенеуніктерге қандай қосымша жұмыс істеуге рұқсат етілді?
Өзгерістер 2025 жылғы 4 маусымдағы №175 президент жарлығына енгізілді. Құжатта мемлекеттік қызметшілерге білім беру, сарапшылық, ғылыми және өзге де шығармашылық жұмыстармен айналысып, ол үшін қосымша ақы алуға рұқсат берілген.
Алайда мұндай қызметпен айналысу үшін шенеунік өзін лауазымға тағайындаған тұлғамен алдын ала келісуі қажет. Сонымен қатар қосымша жұмыс негізгі қызметтік міндеттерді орындау сапасы мен көлеміне әсер етпеуі және мүдделер қақтығысын туғызбауы тиіс.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге денсаулық сақтау, білім беру, қайырымдылық және еріктілік бағыттарында жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктердің қызметіне қатысу құқығы берілді.
Қызметкерлерді демалыстан келісімсіз шақыруға болмайды
Жарлықта еңбек демалысына қатысты да өзгеріс бар. Енді қызметкерді демалысынан мерзімінен бұрын кері шақыруға оның келісімінсіз жол берілмейді. Келісімді телефон арқылы, цифрлық байланыс құралдарымен немесе өзге де тәсілдермен алуға болады.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің шешім қабылдау үдерісіне қатысу, сондай-ақ шешімдерді әзірлеу мен қарауға атсалысу құқығы бекітілді.
Құжатта шенеуніктердің коммерциялық емес ұйымдардың басқару органдарына, соның ішінде қамқоршылық және байқау кеңестеріне мүше болуына қатысты шектеулер де нақтыланған. Мұндай қызметке заңнамада немесе халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда, сондай-ақ президенттің не Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент әкімшілігінің басшысының шешімімен немесе келісімімен ғана рұқсат етіледі.
Келесі материал: Қытайдың 10 тонналық электр ұшағы алғашқы рейсін сәтті орындады
