Жаңалықтар Туризм Өзекті

Қазақстан туристер үшін жаңа бағыт іздеген Германия мен әлемдік шытырман туризмнің назарын аударды

Қазақстан туризмі: Германия мен әлемдік нарықтың назары елде
Фото: ҚР Туризм және спорт министірлігі

Қазақстанға келетін шетелдік туристер үшін елдің табиғаты, кең даласы мен таулары барған сайын жаңа мүмкіндіктер ашып келеді. Енді Қазақстан бұл әлеуетті халықаралық туристік нарықта жүйелі түрде ілгерілетуге кірісті. Бір апта ішінде Астанада Германияның туристік индустриясының ірі өкілдері бас қосып, артынша Қазақстан шытырман оқиғалы туризм саласындағы әлемдік қауымдастықпен ынтымақтастықты күшейтті, деп хабарлайды SteppeNews.kz.

Бұл екі оқиғаның ортақ мақсаты — Қазақстанды шетелдік саяхатшылар үшін тартымды бағытқа айналдырып, елдің туристік өнімдерін халықаралық нарыққа шығару.

DRV Destination Forum 2026
Фото: ҚР Туризм және спорт министірілігі

Германиядан келген туристер Қазақстанды зерттей бастады

Астанада алғаш рет Германияның туристік индустриясындағы маңызды шаралардың бірі — DRV Destination Forum 2026 өтті.

Форумға шамамен 130 адам қатысты. Оның 69-ы Германиядан келген туроператорлар, туристік агенттіктер, салалық қауымдастықтар мен мамандандырылған БАҚ өкілдері болды.

Іс-шараның ашылуында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Германияны Қазақстан үшін стратегиялық туристік нарықтардың бірі деп атады.

«Біздің мақсатымыз — Қазақстанды жалпы ілгерілетуден нақты туристік өнімдерді бірлесіп әзірлеуге және нарыққа шығаруға, B2B байланыстарды дамытуға және екі ел компаниялары арасында ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға көшу», — деді ол.

ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев
Фото: ҚР Туризм және спорт министілігі

Форум кездейсоқ ұйымдастырылған жоқ. 2025 жылы Германияның Deutscher Reiseverband (DRV) өкілдері Қазақстанға техникалық сапармен келіп, елдің туристік әлеуетімен танысқан. Ал биыл наурызда ITB Berlin көрмесі аясында DRV мен ҚР Туризм және спорт министрлігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сол кезде форумды Астанада өткізу жөнінде келісім жасалған болатын.

Форум қарсаңында Германия делегациясы 20-24 тамыз аралығында Қазақстанның бірнеше өңірін аралады. Шетелдік қонақтар Алматы мен Шымкентке, сондай-ақ Алматы, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарына барып, туристік нысандармен, инфрақұрылыммен және жергілікті туристік өнімдермен танысты.

Бұл сапардың артында нақты бизнес-мүдде де бар. Форумдағы басты бағыттардың бірі — қазақстандық туристік компаниялар мен неміс туроператорлары арасындағы B2B кездесулер.

DRV Destination Forum 2026
ҚР Туризм және спорт министірлігі

DRV бағалауынша, мұндай тікелей байланыстар келесі жылдың өзінде Қазақстанға келетін неміс туристерінің санын 25%-ға дейін арттыруы мүмкін.

Қазірдің өзінде Германиядан Қазақстанға жыл сайын шамамен 100 мың турист келеді. Демек, елдің алдында қалыптасқан туристік ағынды жай ғана сақтап қалу емес, оны жаңа өнімдер арқылы ұлғайту міндеті тұр.

Қазақстан енді «шытырман оқиға» бағытын күшейтпек

Германия нарығымен жұмыс бір бөлек, ал Қазақстанның табиғи әлеуетін шытырман туризм арқылы халықаралық деңгейде таныту — мүлде басқа мүмкіндік.

Астанада ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Adventure Travel Trade Association (ATTA) бас директоры Шеннон Стоуэллмен кездесті.

Кездесу қорытындысында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен ATTA өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ пен Adventure Travel Trade Association
Фото: Kazakh Tourism

Құжат бойынша тараптар Қазақстан өңірлерінің туристік әлеуетін халықаралық сарапшылардың көмегімен бағалауды, қазақстандық мамандарды оқытуды, шетелдік серіктестер үшін таныстыру турларын ұйымдастыруды және елде ATTA-ның ірі халықаралық іс-шараларын өткізу мүмкіндігін қарастыруды жоспарлап отыр.

Бұл Қазақстан үшін маңызды қадам. Себебі шытырман оқиғалы туризм дегеніміз тек тауға шығу немесе экстремалды спорт емес. Оның ішінде табиғатпен етене танысу, жаяу және атпен саяхаттау, тау маршруттары, этнотуризм, экотуризм және жергілікті мәдениетпен танысу секілді көптеген бағыт бар.

Қазақстанның географиясы бұл сегментке жақсы сәйкеседі: Алтай, Тянь-Шань, Маңғыстау, Шарын, Көлсай, Алтын-Емел және басқа да табиғи аймақтар шетелдік туристер үшін дайын туристік өнімге айнала алады.

 

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ пен Adventure Travel Trade Association
Фото: Kazakh Tourism

Әлемдік нарықтағы мүмкіндік қаншалықты үлкен?

ATTA дерегіне сәйкес, 2024 жылы әлемдік шытырман оқиғалы туризм нарығының көлемі 1,16 трлн долларға жеткен.

Қауымдастық 1990 жылы құрылған және шытырман оқиғалы туризм саласындағы әлемдегі ірі кәсіби желілердің бірі саналады. Оның экожүйесіне туроператорлар, гидтер, туристік ұйымдар, қонақүйлер, бағыттарды басқару ұйымдары, жабдық өндірушілері және туристік БАҚ өкілдері кіреді. Халықаралық дереккөздер ATTA желісінде 30 мыңнан астам маман бар екенін көрсетеді.

Сондықтан Қазақстанның мұндай қауымдастықпен тікелей жұмыс істеуі елдің туристік өнімдерін шетелдік кәсіби ортаға шығаруға мүмкіндік береді.

Добавить комментарий