SteppeNews: Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі цифрлы форматқа ойысып, жаңа дем алды. Биыл TikTok пайдаланушылары мерекеге дайындық пен мейрамның алғашқы аптасында 40 мыңнан астам бейнеролик жариялап, төл мерекемізді ауқымды онлайн-оқиғаға айналдырды.
Төрт жыл қатарынан TikTok платформасы қазақстандық қауымдастықпен бірлесіп, Наурыз мейрамын қолдап келеді. Биыл «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, сондай-ақ Астана және Алматы әкімдіктерінің қолдауымен TikTok LIVE тікелей эфирлер фестивалі өтті. Танымал стримерлер мен креаторлар еліміздің әр түкпіріндегі халықтық серуендердің атмосферасын нақты уақыт режимінде көрсетіп, көпшілікпен бөлісті.
Жалпы алғанда, #наурыз, #novruz және #наурызмейрамы сияқты тақырыптық хэштегтермен 300 мыңға жуық видео жарияланған. Мерекенің қызған шағында бұл тақырыпқа деген қызығушылық бес еседен астам артты. Қазақстандықтар ұлттық нақыштағы билерден бастап, дәстүрлі тағамдарды әзірлеу сәттері мен көктемгі серуендерге дейінгі алуан түрлі контент ұсынды.
Мерекеге деген қызығушылық Қазақстан шекарасынан асып түсті. Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия және Ирландия елдерінде де тақырыптық контент белсенді түрде жасалды. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі пайдаланушылар қысқа видеолар арқылы қазақ дәстүрлерімен танысып, Наурызды жаһандық цифрлы мәдениеттің бөлшегіне айналдырды.
Мәселен, Францияда тұратын қазақ қызы Орталық Азия елдерінің ұлттық тағамдары туралы айтса, Лондондағы блогер мерекелік бейнесін көрсетті, ал Манчестердегі креатор отбасылық ас мәзірі арқылы мейрамның тарихи әрі сакралды мән-мағынасын түсіндірді.
Ұлттық би — мереке тілі
Ұлттық билер бейнеленген контент ең танымал форматтардың біріне айналды. Пайдаланушылар дәстүрлі хореографияны заманауи элементтермен ұштастырып, динамикалық әрі визуалды тұрғыдан қанық роликтер жасады.
Әсіресе, Қазақстанның табиғаты аясында түсірілген видеолар ерекше назар аудартты. Мұндай роликтерде табиғат көріністері мерекенің ауқымы мен салтанатын арттырып, визуалды баяндаудың ажырамас бөлігіне айналды.
Сондай-ақ қозғалыс, музыка және домбыра үні арқылы жыл мезгілдерінің ауысуын жеткізетін концептуалды видеолар бағыты дамыды. Мұндай роликтердегі би қыстан көктемге өтудің метафоралық бейнесі іспеттес болды.
Этно-бейнелер мен визуалды өзгерістер
Тағы бір айқын тренд — бейнелердің өзгеруі (трансформация) болды. Креаторлар танымал монтаждық ауысуларды қолдана отырып, күнделікті киімнің ұлттық костюмге айналу сәтін көрсетті. Мұндай роликтер дәстүрлі киімдердің эстетикасын паш етіп, оның заманауи цифрлы әлемде қаншалықты өзекті екенін дәлелдей түсті.
TikTok Қазақстанның барлық аймақтарынан жиналған пайдаланушылар үшін Наурыз атмосферасын бөлісетін басты алаңға айналды. Видеолардан безендірілген қалаларды, халықтық серуендерді, концерттер мен ұлттық ойындарды көруге болады.
Қазақстандықтар көпшілік жиналған алаңдарды, артистердің өнерін, қазақ күресін қосқандағы дәстүрлі жарыстарды және ұлттық киім киген адамдарды түсіріп, мерекенің тұтас көрінісін қалыптастырды. Ұлттық музыка мен символиканы қолдана отырып жасалған құттықтау роликтерінің де орны бөлек болды.
Мерекелік дастарқан
Контенттің ажырамас бөлігі — ұлттық ас мәзірі. Пайдаланушылар Наурыз көженің рецептілерімен бөлісіп, тағамдарды дайындау мен дәм тату сәттерін көрсетті. Роликтерде аулаларда жайылып жатқан мерекелік дастарқандарды, пісіріліп жатқан бауырсақтар мен ұлттық астың төресі — бешбармақтың тартылуын көруге болады.
Осылайша, TikTok Наурыз дәстүрлері жаңаша сипат алатын цифрлы кеңістікке айналып отыр. Платформа мәдени мұра айналасында пайдаланушылардың басын қосып, мерекенің басты құндылықтары — жаңару, бірлік пен ұрпақтар сабақтастығын шығармашылық және шынайы эмоциялар арқылы жеткізуге мүмкіндік береді.

