SteppeNews.kz: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Австрияның Сыртқы істер министрі Беате Майнль-Райзингер мен Ішкі істер министрі Герхард Карнерді қабылдады. Кездесуде экономикалық байланыстарды нығайту, қауіпсіздік мәселелері және халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық талқыланды.
Президент Касым-Жомарт Тоқаев бұл сапардың екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретінін атап өтті. Австрия бүгінге дейін Қазақстан экономикасына 3 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Сондай-ақ, Австрияның Орталық Азиямен жалпы сауда айналымының 80 пайыздан астамы тек Қазақстанға тиесілі.
Кездесудің маңызды жаңалығы ретінде 1 мамырдан бастап күшіне енген екі келісім аталды:
-
Дипломатиялық паспорт иелері үшін визасыз режим;
-
Реадмиссия (тұлғаларды қайта қабылдау) туралы келісім.

Халықаралық деңгейдегі ықпалдастық
Тараптар БҰҰ және ЕҚЫҰ (ОБСЕ) сияқты ірі халықаралық платформалардағы ынтымақтастықты сөз етті. Австрия тарапы Қазақстанның аймақтағы көшбасшылық рөлін жоғары бағалайтынын жеткізді.
Австрияның Сыртқы істер министрі Беате Майнль-Райзингер өз сөзінде былай деді:
«Біздің сапарымыз өте қолайлы уақытта өтіп жатыр. Қазақстан біз үшін Орталық Азиядағы экономикалық қана емес, саяси тұрғыда да ең маңызды серіктес. Біз қауіпсіздік, көші-қон мәселелерінде, сондай-ақ көпжақты алаңдарда тығыз жұмыс істейміз. Мен Қазақстанның Сыртқы істер министрін Венада өткен ЕҚЫҰ-ның министрлер кездесуінде қабылдағаныма қуанышты болдым, өйткені біз сіздің еліңіздің осы ұйымдағы көшбасшылығын жоғары бағалаймыз».
Дипломатиялық байланыс
Министрлер Австрия Президенті Александр Ван дер Белленнің жылы сәлемін жеткізді. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев австриялық әріптесіне ізгі тілегін білдіріп, оны өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
