SteppeNews.kz: Қазақстан мен Әзірбайжан биыл жазда Каспий түбімен интернет кабелін тарта бастайды. Ақтау мен Сумгаитты жалғайтын су асты оптикалық кабелін Каспий теңізіне 2026 жылдың сәуір-маусым айларында жеткізу, ал жаз мезгілінде оны төсеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында «Қазақтелеком» компаниясы өз жұмысының негізгі көрсеткіштері мен стратегиялық жобаларын таныстыру кезінде мәлімдеді деп хабарлайды Informburo.kz.
Каспий талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) құру жобасын «Қазақтелеком» әзірбайжандық «AzerTelecom» компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда.
«Теңіз түбін зерттеу және камералдық жұмыстар толық аяқталды. Қазіргі уақытта кабель дайындалып, жөнелтілді», — делінген ресми хабарламада.
Отырыста өңірлердегі байланыс сапасын арттыру мәселесі де сөз болды. Компания мәліметінше, «Тазарту», «Sapa+» және «Ауыл Online» жобаларының арқасында 630 мың отбасы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. 2027 жылдың соңына дейін тағы 1 миллионнан астам ауыл тұрғынын, сондай-ақ 1941 мектеп пен 2905 мемлекеттік мекемені желіге қосу көзделіп отыр.

