«Тұран» университетінің Стратегиялық даму, ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Дина Разакова ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Мемлекеттік басқару туралы» еңбегіне терең философиялық әрі басқару тұрғысынан талдау жасады. Сарапшының пікірінше, уақыт категориясы мен ұзақ мерзімді жоспарлауды жаңаша зерделеу ғана бүгінгі таңда орнықты институттар құруға және дамудың стратегиялық бағыттарын ондаған жылға алға айқындауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Қытай көшбасшысының бұл іргелі еңбегін заманауи басқару ғылымы тұрғысынан қарастырған Дина Разакова әлемдік тәжірибеде жоспарлаудың көбіне қысқа мерзімді сайлау немесе есеп беру кезеңдерімен шектеліп қалатынын айтады. Ал мемлекеттік менеджменттің шығыстық үлгісі мүлде бөлек, ауқымды ойлау жүйесін көрсетеді.
Проректордың атап өтуінше:
«Бұл кітаптың басты түйіні — уақытты жай ғана оқиғалар тізбегі деп емес, стратегиялық ресурс, жауапкершілік өлшемі әрі елдің тарихи жады мен бүгінін, болашағын біріктіретін алтын көпір ретінде қарастыруында».
Уақыт ұғымы ғасырлармен және мыңжылдықтармен өлшенгенде, мемлекеттік ойлаудың деңгейі де өзгереді. Мұндада шешімдер сиюминуттық нәтижеге қарап емес, келешек ұрпаққа тигізер құндылығы бойынша бағаланады.
Сарапшы өз талдауында Қытай моделінде егжей-тегжейлі жазылған осы процесті басқарудың негізгі принциптеріне тоқталады.
Бұл орайда бірінші принцип — бесжылдық жоспарлардың арқауына айналған ұзақ мерзімді сабақтастық пен тарихи төзімділік.
Дина Разакова тарихи төзімділік жай ғана күтіп отыруды білдірмейтінін баса айтады: «Ол — уақытша қиындықтарға қарамастан, таңдалған бағыт пен айқын мақсаттан таймау қабілеті», сондай-ақ бұл стратегиялық жұмысты бір басқару циклінен келесісіне үздіксіз беріп отыруды қамтамасыз етеді.
Екінші принцип — кезең-кезеңімен жоспарлау. Бұған 3, 8 жылдық және 20, 50, 100 жылдық көкжиектерді тоғыстырған «Фучжоу 3.8.20» даму жобасы дәлел. Сарапшының айтуынша, мұндай жоспарлау кезінде мынадай терең сұрақтарға жауап табу маңызды: бүгін не істеп жатырмыз, қандай нақты нәтижеге қол жеткіземіз, қай мақсатқа ұмтыламыз және болашақ ұрпақ үшін қандай құндылықты сақтап қаламыз?
Үшінші принцип — технологиялық сын-қатерлер мен жасанды интеллект дәуірінде озық әрекет ету. Басқарудағы заманауи үрдістер туралы ой қозғай келе, Дина Разакова:
«Бәріміз де технологиялық бәсекелестік жаңа шындықтарды қалыптастырып жатқан цифрландыру, жасанды интеллект және жаңа сын-қатерлер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз… Кейде уақтылы қабылданбаған бір шешім тұтас бір ұрпақтың мүмкіндігін жоғалтуға әкеліп соғуы мүмкін», — деді.
Төртінші принцип — өткенді, бүгінді және болашақты біріктіретін уақыт бірлігі. Сарапшы бұл ұстанымның дәстүрлі қазақ дүниетанымындағы аманат ұғымымен, үлкенді құрметтеу, тамырды білу және келешек алдындағы жауапкершілікпен астасып жатқанын тілге тиек етеді. Себебі ата-бабадан қалған мұраны бүгінгі ұрпақ сақтап қана қоймай, оны одан әрі еселеуі тиіс.
Бесінші принцип — уақыттың адамзатқа қызмет етуі, яғни кез келген стратегия адамға бағытталуы қажет. Әрбір азамат стратегиялық жоспарлаудың нәтижесін сапалы білімнен, медицинадан және күнделікті тұрмыстық мәселелердің шешілуінен сезінуі керек.
Келесі материал: Стратегиялық ойлау философиясы және жасыл даму бағыты: Алматыда Си Цзиньпиннің еңбегі талқыландыМемлекеттік басқару философиясын жоғары білім беру саласымен байланыстыра отырып, «Тұран» университетінің проректоры бұл тәсілдер университет дамуының 2029 жылға дейінгі стратегиясы мен 2050 жылға дейінгі пайымында тікелей көрініс табатынын атап өтті.
Сараптамалық талдауын түйіндей келе, Дина Разакова заманауи басқарушылар үшін маңызы зор басты түйінді былай деп тұжырымдайды: «Біз уақытты басқара алмаймыз, бірақ сол уақыт ішінде қабылданатын шешімдердің сапасы мен жүйелілігін басқара аламыз. Болашақты дәл болжай алмасақ та, ұзақ мерзімді мақсаттарды айқындай аламыз. Түрлі дағдарыстардың алдын ала алмасақ та, орнықты институттар құра аламыз. Өткенді өзгерте алмаймыз, бірақ одан сабақ алуға міндеттіміз. Өйткені бүгінгі күн — біздің жауапкершілігіміздің уақыты».
