SteppeNews.kz: Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мемлекеттік сатып алу порталында 10 калькулятор сатып алу үшін 3 млн 925 мың теңгеге тендер жариялаған. Құжаттарда тауардың нақты техникалық сипаттамасы көрсетілмеген, тек оның «бухгалтерлік калькулятор» екені ғана жазылған. Бұл туралы SteppeNews.kz «KAZINFORM» ақпарат агенттігіне сілтеме беріп хабарлайды.
Даулы тендерге екі кәсіпкер қатысуға ниет білдіріп үлгерген. Шарт бойынша жеңімпаз атанған мекеме тауарды 15 күн ішінде жеткізуі тиіс. Алайда, қоғамда қызу талқы тудырған бұл сатып алу рәсімі көп ұзамай тоқтатылды.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, тауардың бағасын енгізу кезінде мамандар тарапынан техникалық қателік кеткенін мәлімдеді. 8 сәуір күні жарияланған хабарландырудағы қате бір күннен кейін анықталып, лот кері қайтарып алынған.
«Қазіргі уақытта жіберілген қателер түзетіліп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері бойынша жаңа хабарландыруды қайта жариялау жоспарланып отыр. Жалпы бөлім тарапынан 10 калькулятор сатып алуға 39 258 теңге қарастырылған», — деп нақтылады әкімдіктің баспасөз қызметі.

