SteppeNews.kz: Қазақстанда жүргізуші куәлігін беру жүйесіне бірқатар маңызды жаңашылдықтар енгізілмек. Үкімет жаңа талаптар арқылы емтихан тапсыру процесін жеңілдетіп қана қоймай, оның ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыруды көздеп отыр деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап
Емтиханды шексіз тапсыруға мүмкіндік беріледі
Жаңа өзгерістерге сәйкес, азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды шектеусіз тапсыра алады, алайда бұл қызмет ақылы негізде жүзеге асады. Әрбір қайта тапсыру әрекетінің арасында кемінде 10 күн үзіліс болуы шарт.
Қазіргі жүйе бойынша үміткерлерге тек үш тегін мүмкіндік беріледі: алғашқы екеуі – бір күндік аралықпен, үшіншісі – 30 күннен кейін. Жаңа тәртіп осы шектеулерді жеңілдетіп, артық кедергілерді жоюға бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам куәлікті заңсыз жолмен алу әрекеттерінің алдын алуға септігін тигізеді.
Жаңа технологиялар енгізіледі
Емтихан барысында заманауи технологиялық шешімдерді пайдалану жоспарлануда. Атап айтқанда:
-
теориялық сынақта қосымша шынайылық (AR) элементтері қолданылуы мүмкін;
-
практикалық емтихан кезінде компьютерлік көру жүйесі арқылы бақылау орнатылады.
Бұл жаңашылдықтар емтихан кезіндегі кез келген заңбұзушылықты автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.
Бақылау күшейіп, жауапкершілік артады
Жаңа ереже бойынша, емтихан кезінде тыйым салынған құрылғыларды (микроқұлаққап, камера және т.б.) қолданғандар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Тәртіп бұзған азаматтар 1 жылға дейін емтихан тапсыру құқығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздікке басымдық беріліп, барлық цифрлық жүйелер стратегиялық маңызды нысандар қатарына қосылады.
Автомектептерге талап қатаяды
Жүргізушілерді даярлау сапасын жақсарту мақсатында автомектептердің қызметі де жіті қадағаланады. Ішкі істер органдары оқу орындарының жұмысын тексеріп, олардың рейтингін жасауды жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш емтихан нәтижелері мен түлектердің жол-көлік оқиғаларына қатысу статистикасы негізінде түзіледі.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар нарықтағы сапасыз немесе формалды түрде оқытатын ұйымдарды ығыстыруға ықпал етеді. Тұтастай алғанда, енгізіліп жатқан өзгерістердің басты мақсаты – емтиханды жай ғана жеңілдету емес, жүргізушілердің шынайы білімін тексеріп, жол қауіпсіздігін нығайту.

