Ақмола облысында қайғылы оқиға болып, 8 және 12 жастағы екі қыздың өмірі қиылды деп хабарлайды SteppeNews.kz, BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, 11 шілде күні отбасы Целиноград ауданындағы Қызылжар ауылы маңындағы жасанды су қоймасына демалуға барған. Таңертең шомылып шыққан екі қыз киім ауыстыру үшін жағалауда тұрған жеңіл көлікке отырған.
Осы сәтте белгісіз себеппен көлік өздігінен қозғалып, еңіспен төмен сырғып, суға құлаған.
Қыздардың әкесі бірден көмекке ұмтылғанымен, көліктің есігін аша алмай, терезесін де сындыра алмаған. Соның салдарынан көлік қысқа уақыт ішінде толықтай су астына кеткен.
Өкінішке қарай, екі баланы аман алып қалу мүмкін болмады.
Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтау мақсатында тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
