2026 жылдан бастап Қазақстанда Конституция күні бұрынғыдай 30 тамызда емес, 15 наурызда аталып өтеді. Бұл өзгеріс 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда бекітілген деп хабарлайды SteppeNews.kz, NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Еске салсақ, жаңа Конституция 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумның қорытындысы бойынша қабылданды. Құжатқа сәйкес, дәл осы күн енді мемлекеттік мереке ретінде белгіленіп, демалыс күні болып саналады.
Жаңа Конституцияның 94-бабының 2-тармағында Конституция күні 15 наурыз екені нақты көрсетілген. Осылайша, қазақстандықтар енді бұл мерекені көктемде атап өтеді.
Ал eGov порталында жарияланған мерекелік және демалыс күндерінің күнтізбесіне сәйкес, 2026 жылдың тамыз айында қосымша мерекелік демалыс болмайды. Алайда сенбі мен жексенбі күндерінің есебінен бес күндік жұмыс аптасымен еңбек ететін азаматтар тамызда барлығы 10 күн демалады. Ал алты күндік жұмыс аптасында жұмыс істейтіндер үшін 5 демалыс күні қарастырылған.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай 2026 жылдан бастап 30 тамыздың демалыс күні болмайтынын мәлімдеген болатын.
