Алматыда 24-27 шілде аралығында WTT Youth Contender Almaty халықаралық турнирі өтеді. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылатын жарысқа 17 ел мен аумақтан 230 жас спортшы қатысады. Бұл туралы SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Халықаралық додада қазақстандық жас теннисшілермен қатар Австралия, Әзербайжан, Гонконг, Израиль, Үндістан, Индонезия, Ирак, Иран, Катар, Қытайлық Тайбэй, Корея Республикасы, Малайзия, Моңғолия, Түрікменстан, Өзбекстан және Жапониядан келген спортшылар бақ сынайды.
Қазақстан құрамасы сапында түрлі жас санаттарында ел намысын қорғайтын 82 спортшы өнер көрсетеді.
Турнир Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) мен World Table Tennis (WTT) ұйымдарының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Жарыс халықаралық жасөспірімдер сериясының ресми күнтізбесіне енгізілген. Сондықтан қатысушылардың нәтижелері әлемдік рейтингті қалыптастыру кезінде есепке алынады.
Спортшылар 11 және 13 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар, 15, 17 және 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы жекелей сын бойынша, сондай-ақ 15 және 19 жасқа дейінгі аралас жұптар арасында жүлделерді сарапқа салады.
Жарыс Алматы қаласындағы ADD Ustel Tennis Ortalygy спорт кешенінде (Нұркент шағынауданы, 14Б) өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін.
Халықаралық турнирдің ойындары SportPlus Qazaqstan телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
