Қазақстанда азаматтарды телефон арқылы жасалатын алаяқтықтан қорғау мақсатында ресми қоңырауларды арнайы белгілеу жүйесі енгізіледі. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мәлімдеді, деп хабарлайды SteppeNews.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа жүйе арқылы азаматтар банктерден, қызмет көрсетуші компаниялардан және басқа да ұйымдардан келетін ресми қоңырауларды алаяқтардың қоңырауларынан оңай ажырата алады.
«Абоненттердің ресми қоңырауларды алаяқтардың қоңырауларынан ажырата алуы үшін ұялы байланыс құрылғыларында қоңырауларды белгілеу жүйесі енгізіледі. Яғни банктерден, қызмет көрсетуші компаниялардан және басқа да ұйымдардан келіп түсетін ресми қоңыраулар құрылғының экранында арнайы белгімен көрсетіледі», – деді Досжан Мұсалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар интернет, IP-телефония және транкингтік байланыс қызметтерін енді тек тиісті лицензиясы бар байланыс операторлары ғана ұсына алады. Бұл байланыс қызметтерінің сапасын, сенімділігін және қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Вице-министрдің мәліметінше, телекоммуникация саласына қатысты 90-ға жуық заңнамалық норма қабылданған. Аталған заң биылғы тамыз айының соңында күшіне енеді.
Сондай-ақ маусым айының соңынан бастап абоненттерге байланыс операторларынан келетін жарнамалық және ақпараттық хабарламалардан, сондай-ақ автоматты қоңыраулардан бас тартуға мүмкіндік беретін норма қолданысқа енгізілді.
Бұдан бөлек, жаңа талапқа сәйкес, ақылы байланыс және интернет қызметтері абоненттің екі кезеңді келісімі алынғаннан кейін ғана қосылатын болады.
Жаңа өзгерістер байланыс қызметтерінің қауіпсіздігін күшейтіп, азаматтарды телефон алаяқтығынан қорғауға бағытталған.
