2026 жылдың жазында Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ықпалдастыққа қатысты екі маңызды оқиға қоғам назарын аударды. Алдымен Қазақстанға әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь алғаш рет келсе, араға аз уақыт салып елде Джеки Чанның қатысуымен жаңа фильмнің түсірілімі басталды.
Бір қарағанда әдебиет пен көпшілікке арналған кино – екі бөлек сала. Алайда Мо Янь мен Джеки Чанның сапарын біріктіретін ортақ тұс бар: бұл оқиғалардың екеуі де Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени диалогтың маңызды бөлігіне айналды.
Еуразиялық халықаралық зерттеулер қауымдастығының атқарушы директоры Қайрат Батырбаев бұл сапарлардың кездейсоқ емес екенін және олардың екі ел арасындағы қарым-қатынастың болашағына қалай әсер ететінін түсіндірді.

Мәдени диалогтың екі түрлі аудиториясы
2026 жылдың маусым айында Қазақстанға алғаш рет Қытайдың белгілі жазушысы, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь келді. Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында оның қазақстандық қаламгерлермен кездесуі өтті. Сонымен қатар жазушы кітапхана қорымен, қолжазбалар және сирек кездесетін құжаттар жинағымен танысты.
Ал Алматыда Мо Яньның қазақ тіліне аударылған екі шығармасы – «Сарымсақ жыры» мен «Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» оқырман қауымға таныстырылды.

Бұл аудармалар қазақстандық оқырманға қазіргі қытай әдебиетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Мұндай мәдени алмасу ең алдымен оқырмандарға, зиялы қауымға және академиялық ортаға бағытталған.
Қайрат Батырбаевтың айтуынша, Мо Янь мен Джеки Чанның сапарлары мүлде әртүрлі аудиторияны қамтиды.
«Мо Янь мен Джеки Чан әртүрлі аудиторияға жұмыс істейді және бірін-бірі толықтырады. Нобель сыйлығының лауреатының келуі – зиялы қауымға, жазушыларға және білім беру жүйесіне арналған маңызды белгі. Бұл гуманитарлық диалогтың жоғары мәдениет деңгейінде дамып келе жатқанын көрсетеді», – дейді сарапшы.
Егер Мо Яньның сапары әдеби орта үшін маңызды оқиға болса, Джеки Чанның Қазақстанға келуі әлдеқайда кең аудиторияның назарын өзіне аударды.
2026 жылдың шілде айында әйгілі актер Джеки Чан Қазақстанға «Құдайдың сауыт-сайманы: Ультиматум» («Доспехи Бога: Ультиматум») фильмінің түсіріліміне қатысты. Түсірілім жұмыстары Алматы және Маңғыстау облыстарын қоса алғанда, еліміздің бірнеше өңірінде өтеді.
Мұндай жоба тек кино өндірісімен ғана шектелмейді. Қазақстанның табиғаты мен қалаларының халықаралық фильмде көрінуі елдің туристік әлеуетін танытып, әлемдік аудиторияның қызығушылығын арттыра алады.
«Джеки Чан – бұқаралық мәдениеттің символы. Ал блокбастердің Қазақстанда түсірілуі кинотуризмді дамытуға және елімізді халықаралық киножобаларға қолайлы алаң ретінде танытуға мүмкіндік береді», – дейді Қайрат Батырбаев.
Түсірілімнің ресми ашылу рәсімінде Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева актерге қазақстандық мәдениетті әлемге танытуға және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Бұл екі оқиға мәдени байланыстың әртүрлі жолмен қалыптасатынын көрсетеді. Әдебиет тереңірек танымға жетелесе, кино миллиондаған көрерменге бірден әсер ете алады. Екі жағдайда да адамдар өзге елді саясат немесе экономика арқылы емес, мәдениет арқылы танып-білуге мүмкіндік алады.
Бұл әсіресе жастар арасында маңызды. Өйткені қазіргі таңда көптеген жастар басқа ел туралы алғашқы әсерін фильмнен, кітаптан, әннен немесе әлеуметтік желіден алады.
Жекелеген оқиғалардан жүйелі ынтымақтастыққа дейін
Қайрат Батырбаевтың пікірінше, Мо Янь мен Джеки Чанның сапарын кездейсоқ сәйкестік ретінде қарастыруға болмайды. Олар Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталған жүйелі саясаттың бір бөлігі.
«Биыл сәуір айында Бейжіңде Қазақстан мен Қытайдың өзара мәдени жылының салтанатты ашылуы өтті. Бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің келісімдерін жүзеге асыру аясындағы маңызды қадам болды. Бұған дейін екі ел туризм жылын өткізді. Сондықтан Қытай мәдениетінің танымал өкілдерінің Қазақстанға келуі нақты жоспарланған бағдарламаның құрамдас бөлігі деп айтуға болады», – дейді сарапшы.
Қазақстанда халықаралық фильмнің түсірілуі де осы бағыттағы жұмысты толықтыра түседі. Егер картина әлемдік прокатқа шықса, ол туристердің ғана емес, халықаралық киноиндустрия өкілдерінің де Қазақстанға қызығушылығын арттыруы мүмкін.
Жеке байланыстар мәдени көпірге айналғанда
Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени қарым-қатынастың тағы бір маңызды бағыты – танымал тұлғалардың достығы.
Соның жарқын мысалы – Қытайда кеңінен танылған қазақстандық әнші Димаш Құдайберген.
Димаш пен Джеки Чанның таныстығы 2017 жылы Қытайдағы «I am Singer» байқауы кезінде басталып, кейін достыққа ұласты. Ал Джеки Чанның көптеген фильмдерінің музыкасын жазған композитор Натан Ванг Димаштың жобаларына да қатысқан.

Қайрат Батырбаевтың айтуынша, мұндай байланыстар халықтарды жақындастыра түседі.
«Бұл – «жұмсақ күштің» адам деңгейінде қалай жұмыс істейтінінің айқын мысалы. Танымал тұлғалардың достығы ресми дипломатиямен қатар жүретін, қоғамдарды жақындастыратын бейресми арнаға айналады. Соның арқасында стратегиялық әріптестік қарапайым адамдар үшін нақты әрі түсінікті сипатқа ие болады», – дейді ол.
Бүгінде мәдени байланыс тек ресми кездесулермен шектелмейді. Бұл үдеріске жазушылар, актерлер, режиссерлер, музыканттар және шығармашылық индустрия өкілдері белсенді қатысып келеді.
Мәдени диалогқа бизнес те қосылып келеді
Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықты мемлекеттік құрылымдар мен шығармашылық орта ғана емес, ірі бизнес те қолдай бастады.
Соның бірі – Kaspi.kz компаниясының Джеки Чан қатысқан фильм түсіріліміне бас серіктес болуы. Компания басшысы Михаил Ломтадзе актермен кездесіп, оған төлем картасын табыстады.

Қайрат Батырбаев мұны елдің халықаралық имиджін қалыптастырудағы жаңа тәсіл ретінде бағалайды.
«Бұл қазақстандық бизнестің мұндай жобаларды жай ғана имидждік демеушілік емес, елдің халықаралық деңгейдегі беделіне салынған инвестиция ретінде қабылдай бастағанын көрсетеді. Осылайша «жұмсақ күш» мемлекеттік және корпоративтік коммуникацияның маңызды бөлігіне айналып келеді», – дейді сарапшы.
Халықаралық фильмдерге қатысу Қазақстанға имидждік пайдамен қатар тәжірибе де береді. Жергілікті мамандар халықаралық деңгейдегі кинокомандалармен бірге жұмыс істеп, кәсіби біліктілігін арттыра алады.
Қазақстан мен Қытай не ұтады?
Қытай үшін Қазақстанмен гуманитарлық байланыстар Орталық Азиядағы кең ауқымды ынтымақтастықтың маңызды бөлігі болып саналады.
Экономикалық байланыстар қаншалықты маңызды болғанымен, елдердің бір-бірін қабылдауына мәдениет ерекше ықпал етеді. Белгілі жазушы, актер немесе музыкант көп жағдайда ресми кездесулерге қарағанда қоғамның қызығушылығын тезірек оятады.
Қайрат Батырбаевтың пікірінше:
«Қытай үшін мұндай сапарлардың бірнеше артықшылығы бар. Бұл – Орталық Азиядағы мәдени ықпалын күшейтуге, «Белдеу және жол» бастамасының гуманитарлық бағытын дамытуға және әлемге танымал тұлғаларды саяси мәлімдемелерсіз-ақ жұмсақ күш құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Ал Қазақстан үшін мұндай жобалар елдің халықаралық беделін арттырып, туризм мен киноиндустрияның дамуына жол ашады».

Мо Яньның шығармаларының қазақ тіліне аударылуы қазіргі қытай әдебиетін тереңірек тануға мүмкіндік берсе, халықаралық фильм Қазақстанды әлемдік аудиторияға танытуға ықпал етеді.
Басты сұрақ – бұл сапарлардан кейін не қалады?
Ең маңызды мәселе – осындай жарқын мәдени оқиғалар Қазақстан мен Қытай жастары арасындағы ұзақ мерзімді байланысқа айнала ала ма?
Бұл туралы Қайрат Батырбаев былай дейді:
«Мұндай сапарлардың «жұмсақ күш» тұрғысынан әлеуеті жоғары. Олар жастардың қызығушылығын оятады. Бірақ бір реттік іс-шаралардың өзі ұзақ мерзімді нәтиже бермейді. Әлеуметтік желідегі талқылаулар тіл үйренуге немесе шетелде білім алуға автоматты түрде алып келмейді. Сондықтан мұндай символдық оқиғалар білім беру гранттарымен, студенттік алмасулармен, бірлескен ғылыми және шығармашылық жобалармен толықтырылуы қажет. Сонда ғана бүгінгі қызығушылық ертеңгі тұрақты серіктестікке айналады».

Оның айтуынша, Джеки Чан мен Мо Яньның Қазақстанға сапарын мәдени дипломатияның жүйелі бағдарламасының көрінісі ретінде қарастыру қажет. Бұл бағдарлама өзара мәдени жыл, бизнес серіктестігі және Димаш Құдайберген мен Джеки Чан секілді тұлғалардың жеке байланыстары арқылы толықтырылып отыр.
Егер осы мәдени оқиғалардың жалғасы ретінде жаңа бірлескен бастамалар жүзеге асса, ең басты нәтиже – танымал тұлғалардың сапары емес, Қазақстан мен Қытай халықтары арасындағы ұзақ мерзімді, берік байланыстардың қалыптасуы болмақ.
Сауле Тугельбаева
