Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Арал ауданындағы балықшылармен кездесіп, Солтүстік Арал теңізін сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімдеді деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
«Біз Солтүстік Арал теңізін сақтау бойынша кешенді шараларды жүзеге асырып келеміз. Осы мақсатта Дүниежүзілік банкпен бірлескен жобаның екінші кезеңі әзірленді. Жоба аясында Көкарал бөгетін реконструкциялау, теңіздегі су деңгейін көтеру және су көлемін ұлғайту көзделген. Қазіргі уақытта Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес Солтүстік Аралдағы су көлемін 34 млрд текше метрге дейін жеткізуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, 2025 жылғы 1 қазаннан бүгінге дейін Сырдария өзені арқылы Солтүстік Арал теңізіне 1,4 млрд текше метр су жіберілген. Ал жыл соңына дейін теңізге тағы 1,2 млрд текше метр су жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы вегетациялық кезеңде теңізге секундына 40 текше метр су ағызылуда.

Қазіргі уақытта Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,5 млрд текше метрді құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда теңіз суының тұздылығы орта есеппен 10%-ға төмендеп, 7,9 промиллеге жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында теңізден 4,2 мың тонна балық ауланды.
Кездесу барысында Арал ауданының балықшылары Арал теңізі мен өңірдегі басқа да балық шаруашылығы су айдындарын сақтау үшін су пайдалану лимиттерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
«Ауыл шаруашылығында су пайдалану лимиттері бекітілгенімен, кейбір шаруашылықтар бұл талаптарды сақтамайтын жағдайлар кездеседі. Сондықтан бұл мәселені қатаң бақылауға алу қажет. Біз Сырдарияның төменгі ағысында орналасқандықтан, өңірдегі балық шаруашылығының тұрақтылығы үшін диқандардың суды үнемдеп пайдалануы өте маңызды. Үнемделген су су айдындарын сақтауға бағытталуы тиіс», – деді «Арал» сервистік-дайындау орталығы» ЖШС директоры Әділбек Айымбетов.
Сондай-ақ балықшылар Сырдария өзеніне суды тиімдірек жіберу мақсатында Аманөткел су торабын немесе шлюз салуды ұсынды. Бұл су өткізу көлемін секундына 100 текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында Нұржан Нұржігітов Су шаруашылығы комитетіне шлюз құрылысының жобалау-сметалық құжатын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар Арал-Сырдария бассейндік инспекциясына су үнемдеу технологиялары есебінен үнемделген суды қоса алғанда, Солтүстік Арал теңізіне тұрақты түрде су жіберуді қамтамасыз етуді жүктеді.
Одан кейін министр Ақлақ су торабында болып, Солтүстік Аралды сумен толықтыру жұмыстарының барысымен танысты. Секундына 515 текше метрге дейін су өткізуге қауқарлы бұл нысан Сырдария өзенінің сағасындағы бірнеше көл мен ірі жайылма алқаптарды да сумен қамтамасыз етеді.

Сапар соңында министр Ақлақ су торабы маңындағы вахталық кенттегі тұрғын үйлерде жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесін көрді. Бұл үйлер гидротехникалық нысанда тәулік бойы қызмет атқаратын мамандардың қауіпсіз әрі жайлы тұруына арналған.
