2026 жылғы 14 шілдеде Ресейдің Орынбор қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Ресей аралас комиссиясының бесінші отырысы өтті деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Жиын Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында ұйымдастырылды. Қазақстан делегациясын Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Т. Ошурбаев, ал Ресей делегациясын Табиғи ресурстар және экология министрінің орынбасары Д.Д. Тетенькин басқарды.
Кездесу барысында тараптар трансшекаралық Жайық (Орал) және Ертіс (Иртыш) өзендерінің экожүйесін қорғау, биологиялық әртүрлілікті сақтау және табиғатты бірлесіп қорғау бағытындағы жұмыстарды талқылады.
Сондай-ақ қатысушылар 2021–2024 жылдарға арналған Жайық (Орал) өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастық бағдарламасының орындалу нәтижелерін қарастырып, есепті қабылдады.
Отырыста ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту, орман және дала өрттерінің алдын алу, сондай-ақ трансшекаралық өзендердің экологиялық жағдайын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстандық және ресейлік сарапшылар атқарылған жұмыстар бойынша есептерін ұсынып, алдағы кезеңдегі бірлескен іс-қимылдың басым бағыттарын белгіледі.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Жайық (Орал) мен Ертіс (Иртыш) өзендеріне қатысты ынтымақтастық бағдарламаларын келесі бес жылдық кезеңге жаңарту туралы келісімге келді.
Комиссия аясында екі елдің ғалымдары қатысқан ғылыми семинар ұйымдастырылып, трансшекаралық өзендер бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижелері талқыланды.
