Қазақстандықтардың басым бөлігі табысын арттыруды мақсат етеді. Алайда сарапшылардың айтуынша, жоғары жалақы әрдайым жақсы қаржылық жағдайдың көрсеткіші бола бермейді. Кейде айына 400 мың теңге табатын адамның қаржылық жағдайы миллион теңге табатын адамнан да жақсы болуы мүмкін.
Бұл парадокс сияқты көрінеді, бірақ табыс көлемі мен қаржылық әл-ауқат – бір ұғым емес.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Айгерім Ильясова ең алдымен өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды бағалаудан бастауға кеңес береді.
«Компаниялар өздерінің қаржылық жағдайын айына бір реттен жылына бір ретке дейін жасалатын баланс немесе қаржылық жағдай туралы есеп арқылы бағалайды.
Дәл осы тәсілді әрбір адам да пайдалана алады. Бұл өзінің “А нүктесін” анықтап, бірнеше маңызды сұраққа шынайы жауап беруге мүмкіндік береді: менің қандай мүлкім бар, қанша активім мен қарызым бар және менің меншікті капиталым қандай?» – деп түсіндіреді Айгерім Ильясова.
Сарапшының айтуынша, алғашқы қадам – нарықтық құны бар барлық мүліктің тізімін жасау. Бұған жылжымайтын мүлік, автокөлік, депозиттер, Отбасы банкіндегі жинақтар, инвестициялар және қажет болған жағдайда сатуға болатын басқа да мүлік жатады.
«Мүлікті бұрын сатып алынған бағамен емес, дәл қазіргі нарықтық құнымен бағалау қажет. Ақшалай жинақтар номиналды құны бойынша есептеледі, ал шетел валютасындағы қаражат ағымдағы бағам бойынша теңгеге аударылады.
Сонымен қатар, бұрын пайдаланылған жиһаз, киім, зергерлік бұйымдар және басқа да жеке заттар нарықтық құны болып, қажет болған жағдайда сатуға болатын жағдайда ғана актив ретінде есептеледі», – дейді қаржыгер.
Мысал ретінде Айгерім Ильясова құны 30 млн теңге болатын тұрғын үйі, құны 5 млн теңгелік автокөлігі, 1,2 млн теңге көлеміндегі қаржылық резерві, Отбасы банкіндегі 4 млн теңге жинағы және жалға беріліп отырған құны 20 млн теңгелік пәтері бар отбасын қарастыруды ұсынады.
«Мұндай отбасының жалпы активтері 60,2 млн теңгені құрайды. Бірақ активтермен қатар міндеттемелерді де ескеру қажет. Оларға ипотека, тұтынушылық несиелер, бөліп төлеу міндеттемелері және басқа да барлық қарыздар кіреді.
Айталық, бұл отбасының 15 млн теңге ипотекалық қарызы, 2 млн теңге тұтынушылық несиесі және 500 мың теңге бөліп төлеу міндеттемесі бар. Онда жалпы міндеттемелер көлемі 17,5 млн теңгені құрайды», – дейді сарапшы.
Өзіңіздің нақты қаржылық жағдайыңызды анықтау үшін барлық активтердің құнынан міндеттемелердің жалпы сомасын шегеру қажет.
«Біздің мысалда меншікті капитал 42,7 млн теңгені құрайды (60,2 млн теңгеден 17,5 млн теңгені шегергенде). Адамның шын мәнінде байып келе жатқанын немесе керісінше екенін дәл осы көрсеткіш көрсетеді.
Бірақ мұнда тағы бір маңызды жайт бар: барлық мүлік қаржылық әл-ауқатқа бірдей әсер етпейді. Табыс әкелетін активтер де, тұрақты шығынды қажет ететін мүлік те болады. Инвестициялық активтерге, мысалы, жалға берілетін жылжымайтын мүлік, банк депозиттері және инвестициялар жатады. Ал адамның өзі тұратын пәтері немесе автокөлігі белгілі бір құндылыққа ие болғанымен, өздігінен табыс әкелмейді», – деп түсіндіреді ол.
Берілген мысалда инвестициялық активтер ретінде жалға берілетін пәтер, депозит және Отбасы банкіндегі жинақ есептеледі. Ал өз тұрғын үйі мен автокөлік инвестициялық пассивтерге жатады.
«Егер меншікті капиталдан инвестициялық пассивтердің құнын алып тастасақ, таза инвестициялық активтердің көлемін аламыз. Біздің мысалда тұрғын үй мен автокөліктің жалпы құны 35 млн теңге болғандықтан, таза инвестициялық активтер көлемі 7,7 млн теңгені құрайды. Дәл осы көрсеткішті уақыт өте келе ұлғайту маңызды», – дейді сарапшы.
Сонымен қатар, қаржыгердің пікірінше, меншікті капиталдың өсуі активтердің көбеюі есебінен де, қарыздардың азаюы есебінен де жүзеге аса алады.
«Ең дұрысы – таза инвестициялық активтердің көлемін ұлғайтуға ұмтылу. Егер сіз әр үш ай сайын өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды бағалап, меншікті капиталыңыздың және инвестициялық активтеріңіздің өсіп келе жатқанын байқасаңыз, онда сіз дұрыс бағытта келе жатырсыз және қаржыңызды тиімді басқарып отырсыз», – деп түйіндейді сарапшы.
Айгерім Ильясованың Instagram парақшасы: @finance_kenes
Дереккөз: Qazaq expert club
