Қазақстанда жоспарланып отырған климаттық жобаларды жүзеге асыруға 4 млн доллардан астам қаржы тартылуы мүмкін. Бұл мәселе Баку климаттық іс-қимыл апталығы аясында талқыланды деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (IGTIC) Басқарма төрағасы Сәкен Қалқаманов БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (UNEP) және БҰҰ Өнеркәсіптік даму ұйымының (ЮНИДО) өкілдерімен кездесіп, климаттық технологияларды енгізу және экологиялық жобаларды қаржыландыру мәселелерін талқылады.
Климаттық технологияларды енгізу мәселесі талқыланды
UNEP сарапшыларымен кездесуде IGTIC пен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі бірлесіп жүзеге асырып жатқан Технологиялық қажеттіліктерді бағалау (TNA) жобасының нәтижелері қаралды.
Қазір жобаның соңғы кезеңі — Технологиялар жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тараптар сондай-ақ Климат және таза ауа коалициясы (CCAC) қаржыландыратын метан жобасын талқылады. Бұған дейін IGTIC Климаттың өзгеруі жөніндегі үйлестіру орталығымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығындағы метан шығарындыларын азайтуға бағытталған жобаға гранттық қаржыландыру алу үшін өтінім берген.
Сонымен қатар Париж келісімінің 6-бабы аясында орман-климаттық жобаларды жүзеге асыру перспективалары қарастырылды.
Кездесу қорытындысы тараптардың климаттық бастамалар бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін көрсетті.
Ұлттық климаттық инвестициялық платформа құрылады
ЮНИДО сарапшысы Томаш Павелецпен кездесуде Жасыл климат қорының қолдауымен Readiness III бағдарламасы аясында ұлттық климаттық инвестициялық платформа құру мәселесі талқыланды.
ЮНИДО платформа жұмысының практикалық тетіктерін әзірлеуге IGTIC-ке техникалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Сонымен қатар Readiness IV бағдарламасының келесі кезеңі аясындағы ынтымақтастық перспективалары қаралды.
Ұлттық платформаны құру климаттық инвестицияларды ел деңгейінде үйлестіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жасыл акселерация жөніндегі өңірлік хаб арқылы жинақталған тәжірибені Орталық Азия елдеріне таратуға жол ашылады.
Бұл бастама IGTIC пен ЮНИДО соңғы үш жылда бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан GCIP жобасының жалғасы болмақ.
Келесі материал: Alatau City аспанындағы жаңа дәуір: Қазақстанда әуе таксилері мен вертипорттар жүйесі құрылды
