Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы туранга ормандарына Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қытайдың түрлі өңірлерінен келген 20-дан астам суретші барды. Олар табиғат көріністерін кенепке түсіріп, шығармашылық тәжірибе алмасты. Қатысушылардың көпшілігі бұл өңірге алғаш рет келген.

Күз мезгілінде Шыңжаңдағы туранга ормандары сары және алтын түстерге боялады. Осы кезеңде Хубэй провинциясы мен Шаяр ауданы арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, сондай-ақ қытайлық және шетелдік суретшілердің шығармашылық ынтымақтастығына арналған «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы «Әлемдегі ең әсем туранга ормандары» атты іс-шара өтті.
Қатысушылар Шыңжаңның Шаяр ауданында орналасқан әлемдегі ең ірі тұтас табиғи туранга орманына барды. Олар ашық аспан астында сурет салып, өңірдің табиғатымен танысып, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.
Өзбекстандық суретші Азизбек Тешабаев Шыңжаңның көрікті жерлерінің фотосуреттері өңделіп, шынайы көріністерден әсем етіп көрсетіледі деп ойлағанын айтты. Алайда өңірге келгеннен кейін пікірі өзгерген.
«Шыңжаңның шынайы табиғаты көз алдымда фотосуреттерден де әдемі болып көрінді. Мұнда өткізген бірнеше күнде туранга ормандарының көріністерін салудан ерекше ләззат алдым», — деді ол.
Ресейлік суретші Светлана Жигалова да туранга ағаштарының биіктігі мен айрықша келбетіне таңғалғанын жеткізді. Бұған дейін Бейжің мен Гуанчжоу қалаларында болған суретші Шыңжаңның табиғатын алғаш көргеннен кейін қалған уақытын жаңа картиналар жасауға арнауды шешкен.
Қазақстандық суретші Гүлжамал Тәгенова пленэр жас суретшілерге тәжірибе алмасуға және жаңа әдістерді үйренуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Ол туған еліне оралған соң да туранга ормандарын майлы бояумен бейнелеуді жалғастыруды жоспарлап отыр.

Шығармашылық сапар барысында суретшілер Шаяр ауданындағы бірнеше табиғи орынға барды. Олар мыңжылдық тарихы бар «Туранга патшасы» аталған ағаштың маңында этюдтер салды. Ал Шаянчжоу туристік аймағында Тарым өзенінің жағалауындағы, тіпті су ішінде өсіп тұрған ағаштарды бейнеледі. Қатысушылар сурет салумен қатар, көркемдік тәсілдерін талқылап, өз идеяларымен бөлісті.
Әр суретші табиғат көрінісін өзінше жеткізуге тырысты. Азизбек Тешабаев кең панорамаларды таңдап, кеңістіктің тереңдігі мен пейзаждың ауқымын бейнелеуге мән берді. Қазақстандық суретші Виктория Цой туранга ағаштарының пішіні мен түс реңктерінің алуан түрлілігіне назар аударды.
«Меніңше, туранганың да өзіндік мінезі болады», — деді Виктория Цой.
Ол Шаянчжоуда сурет салуға кіріспес бұрын бірнеше рет ағаштардың арасын аралап, алтын түсті жапырақтары ерекше көрінетін туранганы іздеген.
Ресейлік суретші Мария Виниченкоға күн сәулесі, таза ауа және көл ішінде өсіп тұрған туранга ағаштары ерекше әсер еткен. Ол картинасы арқылы табиғаттың тыныштығын жеткізгісі келетінін айтты.
Пленэр суретшілер үшін тек шығармашылық тәжірибе ғана емес, сонымен қатар халықаралық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік болды. Әртүрлі елден келген қатысушылар бірге уақыт өткізіп, тілдік кедергілерге қарамастан жақынырақ танысты.
Сапардың есте қалған сәттерінің бірі қазақстандық суретші Гүлжамал Тәгенова мен жергілікті суретші Анварджан Тохтидің туған күнін бірге атап өту болды. Пленэрдің екінші кешінде 20-дан астам қытайлық және шетелдік суретші жиналып, мерекелік ән айтып, торт бөлісті. Гүлжамал Тәгенова туған күнін алғаш рет шетелде атап өткенін және бұл сәтті ұзақ уақыт есте сақтайтынын жеткізді.
Сапар кезінде Светлана Жигалова Шыңжаң суретшілерімен көрмелер ұйымдастыру және әр елдегі бейнелеу өнерін оқыту ерекшеліктері туралы да пікір алмасты. Оның айтуынша, жергілікті шеберлердің шығармаларымен танысу арқылы өңірдің мәдениетін тереңірек түсінуге мүмкіндік туған.
Жергілікті суретшілер де шетелдік әріптестеріне туған өлкесі туралы айтып, оларды қайта келуге шақырды. Қатысушылар өнердің ортақ тіл табуға және мәдениеттер арасындағы байланысты нығайтуға көмектесетінін атап өтті.
Пленэр аяқталғаннан кейін суретшілер жасаған туындылар бірлескен көрмеде ұсынылады. Кейбір қатысушылар туранга ормандарын өз елдеріне оралған соң да бейнелеуді жалғастырмақ. Ал өзгелері Шыңжаңға қайта баруды жоспарлап отыр.
Осылайша, шығармашылық сапар қатысушыларға ерекше табиғат көріністерін кенепке түсіріп қана қоймай, халықаралық мәдени байланыстарды дамытуға мүмкіндік берді.
Автор: Чжан Цзявэй
Аударған: Равиль Будуков
Келесі материал: Қазақстан мен Қытай «Қорғас» орталығындағы қауіпсіздік ережелерін өзгертпек
