Henley Passport Index халықаралық консалтингтік компаниясы әлем елдері паспортының жаңа рейтингін жариялады. Орталық Азия аймағы бойынша ең жоғары көрсеткішті Қазақстан көрсетсе, ең төменгі нәтиже Түркменстанға тиесілі болды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Henley & Partners деректеріне сүйенсек, рейтингте көш бастап тұрған Қазақстан 64-орынға табан тіреген. Қазақстан азаматтары алдын ала виза рәсімдемей-ақ дүниежүзінің 77 бағытына еркін саяхаттай алады.
Аймақтағы екінші орында Қырғызстан тұр. Ел паспорты 78-орынды иеленіп, азаматтарына 59 мемлекетке визасыз кіруге мүмкіндік береді. Өзбекстан одан кейінгі 79-сатыға жайғасқан, бұл елдің азаматтары 58 бағытқа визасыз саяхаттай алады.
Ал Тәжікстан 85-орында орнығып, оның азаматтары 52 елге визасыз бара алады. Аймақтағы ең төменгі көрсеткішті Түркіменстан көрсетті. Ол рейтингтің 91-сатысынан көрініп, өз азаматтарына 44 мемлекетке ғана визасыз саяхаттауға мүмкіндік береді.
Орталық Азия елдерінің аймақтық рейтингі:
-
Қазақстан — 64-орын (77 бағыт)
-
Қырғызстан — 78-орын (59 бағыт)
-
Өзбекстан — 79-орын (58 бағыт)
-
Тәжікстан — 85-орын (52 бағыт)
-
Түркіменстан — 91-орын (44 бағыт)
Көшбасшы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы айырмашылық 15 сатыны және 19 визасыз бағытты құраса, Түркіменстанмен салыстырғанда бұл алшақтық 27 саты мен 33 бағытқа дейін ұлғаяды.
Айта кетейік, Henley Passport Index жаһандық рейтингінің көшбасшысы — Сингапур. Мұнымен қоса, бұл елдің паспорты өз иелеріне әлемнің 192 бағытына визасыз немесе жеңілдетілген тәртіппен кіруге жол ашады.
Келесі материал: Грузияның Ұлттық банкі қаржылық алаяқтық туралы ескертті
