Шымкентте қалыптан тыс ыстыққа байланысты тікелей күн сәулесінің астында тұрған көше термометрлері 60 градустан жоғары температураны көрсетті. Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері Қазақстанның оңтүстігінде ауа температурасы айтарлықтай төмендемейді, деп хабарлайды SteppeNews.kz Otyrar TV-ға сілтеме жасап.
Еліміздің оңтүстік өңірлерінде аптап ыстық сақталып отыр. Шымкент тұрғындары күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпауға тырысса, дәрігерлер мен синоптиктер қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырып жатыр.
Әлеуметтік желілерде күннің астына қойылған көше термометрлерінің видеолары кеңінен таралуда. Солардың бірінде ауа температурасы шамамен 66 градусқа дейін көтерілгені байқалады. Жергілікті БАҚ мәліметінше, тағы бір термометр күннің астында 15 минут тұрғаннан кейін жұмысын тоқтатқан. Оған дейін ол шамамен 49 градусты көрсеткен.
Қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің мәліметінше, әзірге шақыртулар саны күрт артпаған. Тәулігіне орта есеппен 2300 шақырту түседі. Дегенмен дәрігерлер ыстық күндері созылмалы аурулары бар, қан қысымы жоғары, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесі ауруларына шалдыққан науқастардың жиі жүгінетінін атап өтті.
Жедел медициналық жәрдем стансасының №4 қосалқы стансасының меңгерушісі Жанат Әбілдаева тұрғындарға маңызды шаруаларды таңертеңгі уақытқа жоспарлауға кеңес берді.
«Барлық маңызды шаруаны мүмкіндігінше таңғы сағат 11:00-ге дейін жоспарлаған дұрыс. Сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін үй ішінде немесе көлеңкеде болған жөн. Міндетті түрде бас киім киіп, жеткілікті мөлшерде су ішу қажет. Егер адам өзін жайсыз сезінсе, оны салқын жерге апарып, су беріп, денесіне салқын компресс қойған дұрыс. Денені кондиционердің суық ауасымен күрт емес, біртіндеп салқындату қажет», – деді Жанат Әбілдаева.
Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстанның оңтүстігіндегі аптап ыстық алдағы бірнеше күнде де сақталады. Елеулі жауын-шашын күтілмейді, ал күндізгі ауа температурасы жоғары деңгейде қала береді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
