Алматы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында туризм саласындағы жетістіктері үшін үш халықаралық марапатқа ие болды. Бұл туралы SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
2026 жылдың алғашқы алты айында Алматының халықаралық туристік көрмелердегі көрме стенді қаланың туристік әлеуетін тиімді таныстырғаны үшін бірден үш беделді халықаралық марапатқа ие болды. Бұл жетістік мегаполистің әлемдік туристік нарықтағы тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Алғашқы марапат Үндістанның Мумбай қаласында өткен OTM-2026 халықаралық туристік көрмесінде табысталды. Алматының көрме стенді «Қалалық туризмді үздік ілгерілеткені үшін» арнайы сыйлыққа ие болды. Көрме аясында шетелдік туроператорлармен бірқатар іскерлік кездесулер өткізіліп, нәтижесінде Алматыға шетелдік туристер ағынын арттыруға бағытталған ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
Екінші марапат Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен SITF-2026 халықаралық көрмесінде берілді. Алматының экспозициясы мазмұнының сапасы мен таныстырылымының жоғары деңгейі үшін The Best Booth Content Award сыйлығын иеленді.
Үшінші халықаралық марапат Гонконгта өткен ITE Hong Kong 2026 халықаралық туристік көрмесінде табысталды. Алматы көрме ұйымдастырушыларының Outstanding Performance Booth арнайы сыйлығына ие болған жалғыз қатысушы атанды.

Алматы қалалық Туризм басқармасының мәліметінше, халықаралық туристік көрмелерге тұрақты қатысу қаланың туристік әлеуетін шетелдік нарықтарда кеңінен танытуға, халықаралық серіктестік байланыстарды нығайтуға және Алматының әлемдік туристік бағыт ретіндегі беделін арттыруға мүмкіндік береді.
