Жетісу облысындағы тарихи Жаркент мешітінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Жоба тарихи-мәдени ескерткіштің бастапқы сәулеттік келбетін сақтауға және оның ұзақ мерзімге сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта «Қазқайтажаңарту» РМК мамандары мешіттің шатыр жабындысын толық қалпына келтірді. Сонымен қатар мұнара, айван, кіреберіс порталы мен қаптал қақпаларының беттері ұзақ жылдар бойы жиналған кір мен түрлі ластанудан тазартылуда.
Келесі кезеңде нысанның сыртқы бөлігіндегі 52 ағаш тіреу бағанын, қасбеттерді, кірпіш сылақтарын және бүгінге дейін сақталған сәндік элементтерді қалпына келтіру жоспарланған. Бұдан бөлек, күмбез бен сыртқы кірпіш қабырғалары арнайы қорғаныш өңдеуден өткізіліп, қоршаулар жаңартылады.
Реставрация барысында ескерткіштің тарихи сәулеті, ағаш ою-өрнектері мен көркемдік ерекшеліктерін барынша сақтау басты назарда. Сонымен қатар мешіттің айналасындағы аумақты абаттандыру жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаркент мешітін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу жөніндегі тапсырмасы аясындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
