SteppeNews.kz: Қазақстанда зейнетақы активтерін басқару жүйесін трансформациялау кезеңі жалғасуда. 2026 жылдың басынан бастап инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) қызметін бағалаудың жаңа форматы енгізілсе, наурыз айында БЖЗҚ салымшыларға өз қаражатының инвестициялық тағдырын бақылауға мүмкіндік беретін арнайы сервисті іске қосты.
Бұл өзгерістердің мән-жайын Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина түсіндіріп берді.
«2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшыларға міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен жиналған қаражаттың 50%-на дейінгі бөлігін ИПБ басқаруына беру құқығы берілді. Ал ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) толық көлемде аударуға болады.
2026 жылдан бастап қолданысқа енген жаңа бағалау жүйесі нарықтық бағдар ретінде Ki индекстерін негізге алады. Бұл көрсеткіштер отандық және халықаралық қор индекстерінің жиынтығынан құралып, акциялар мен облигациялардың нақты динамикасын көрсетеді. Олар ішкі нарықпен қатар жаһандық трендтерді де ескеруге мүмкіндік береді.
Бүгінде индекстің үш түрі қолданылады:
-
Ki (12) – қысқа мерзімді және консервативті стратегиялар үшін;
-
Ki (36) – тәуекел мен табыстылықтың теңгерімін қалайтындар үшін;
-
Ki (60) – тәуекелі жоғары болса да, ұзақ мерзімді перспективада мол табысты көздейтіндер үшін.
Дегенмен, таңдау мүмкіндігінің кеңеюі жауапкершілікті де арттырады. Қаражат Ұлттық банк басқаруында болғанда, мемлекет инфляция деңгейін ескере отырып, жинақтардың сақталуына кепілдік береді. Ал активтер жеке басқарушы компанияларға өткенде бұл кепілдік жүрмейді. Оның орнына ИПБ қамтамасыз ететін «ең төменгі табыстылық деңгейі» механизмі іске қосылады.
Бұл зейнетақы жинақтарының табыстылығы тікелей нарықтың құбылуына байланысты болатынын білдіреді. Тиісінше, белгілі бір кезеңдерде табыс көрсеткіші төмендеуі, тіпті инфляциядан аспай қалуы мүмкін. Басқарушы компанияның міндеттемесі — ықтимал шығынды жабу емес, тек белгіленген бенчмарк (эталон) көрсеткішінен ауытқу орын алса, соны өтеумен шектеледі.
Сонымен, қаражатты жеке секторға сеніп тапсыру — бұл белгілі бір тәуекел және инвестициялау қағидаларын терең түсінуді қажет ететін қадам. Бұл құрал нарық заңдылықтарын білетін және тәуекелді саралай алатын салымшылар үшін тиімді болмақ.
Сонымен қатар, БЖЗҚ әзірлеген invest.enpf.kz порталы Ұлттық банк пен жеке компаниялардың жұмыс нәтижесін салыстыруға, портфель құрылымын сараптауға көмектеседі. Мұндай ашықтық салымшылардың шешімді байыппен қабылдауына септігін тигізеді», – деп түйіндеді Венера Жаналина.

