Steppenews.kz: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның құрылымдық және идеологиялық тұрғыдан жаңаруы қажеттігін мәлімдеп, ұйым Жарғысындағы ескірген ұғымдарды қайта қарауды ұсынды.
Президенттің айтуынша, 80 жыл бұрын негізі қаланған ұйымның кейбір қағидалары бүгінгі заманның шынайы бейнесіне сәйкес келмейді. Ол БҰҰ Жарғысында әлі күнге дейін сақталған «дұшпан мемлекеттер» деген ұғымды мысалға келтіріп, қазіргі таңда бұл елдердің жаһандық қауіпсіздік пен ұйымды қаржыландыруда маңызды рөл атқарып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы БҰҰ-ның беделін көтеру үшін оны ескірген көзқарастардан тазарту — уақыт талабы екеніне баса мән берді.

Аталған Ұйымның негізі 80 жыл бұрын қаланды. Кейбір адамдар ұйым әбден ескірді, құлдырап бара жатыр деген пікір айтады. Келісуге тура келеді. Бізге БҰҰ Жарғысына мұқият мән берген жөн. Жарғыда «дұшпан мемлекеттер» деген ұғым бар. Рас, 80 жыл бұрын бәрі түсінікті еді. Ал қазір әлгі «жау елдер» Ұйымды қаржыландыру және бейбітшілікті қолдау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Ең бастысы – БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру, – деді ол.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қақтығыстардың алдын алуда превентивті дипломатияның рөлін күшейту керек деп есептейді. Ол бұл мәселенің 30 жылдан бері талқыланып келе жатқанына қарамастан, іс жүзінде айтарлықтай өзгерістердің жоқ екенін сынға алды. Президенттің пайымдауынша, дипломатия құрғақ декларация деңгейінде қалмай, өңірлік және жаһандық шиеленістерді алдын ала болжауға бағытталуы тиіс.

Бұл тақырып бұрыннан талқыланып келеді, кемінде 30 жыл болды. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Жағдай ділмәр сөз, декларация күйінде қалып жатыр. Өңірлік және жаһандық шиеленістерді болжауға баса мән берген жөн деп ойлаймын. Превентивті дипломатия дегеніміз – осы. Сонымен қатар біз көпжақты тиімді дипломатияға қолдау көрсету үшін күш-жігерімізді біріктіру керек, – деді Қазақстан Президенті.

