«Ұмай» әйелдер ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау биылғы тамыз айында басталады, деп хабарлайды SteppeNews.kz Krisha.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Krisha.kz мәліметіне сәйкес, жаңалықты «Отбасы банкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова тікелей эфир барысында мәлімдеген. Оның айтуынша, бағдарламаға бөлінген алғашқы қаражат жолданған және жоба тамыз айында іске қосылады.
Бұған дейін «Ұмай» бағдарламасын қаржыландыруға 45 млрд теңге бөлінетіні хабарланған болатын.
Бағдарламаға соңғы алты айда тұрақты ресми табысы және міндетті зейнетақы аударымдары бар жұмыс істейтін әйелдер қатыса алады.
Ипотеканың бастапқы жарнасы ірі қалаларда тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызын, ал өңірлерде 15 пайызын құрайды. Несиенің ең жоғары сомасы – 50 млн теңгеге дейін, ал мерзімі 6 айдан 25 жылға дейін белгіленген.
Банк әзірге нақты пайыздық мөлшерлемені жариялаған жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, алғашқы жылдары мөлшерлеме шамамен 15 пайыз болып, кейін 3,5–5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін.
Бағдарлама аясында әйелдер екі адамға дейін қосалқы қарыз алушыны тарта алады. Сондай-ақ бастапқы жарнаны төлеу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндік беріледі.
«Ұмай» ипотекасы арқылы кепілдігі бар салынып жатқан немесе пайдалануға берілген жаңа тұрғын үйді, сондай-ақ 2016 жылдан кейін салынған қайталама нарықтағы пәтерді сатып алуға болады. Сонымен қатар бағдарлама тек алғашқы баспананы емес, тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында екінші немесе үшінші пәтерді сатып алуға да мүмкіндік береді.
Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі. Артықшылық «Отбасы банкіндегі» депозитін ұзақ уақыт жинақтап, көбірек сыйақы алған салымшыларға беріледі.
