Алдағы күндері Қазақстан аумағында ауа райы құбылмалы болады. Елдің батысы, солтүстігі мен орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнаса, шығыс және оңтүстік өңірлерде аптап ыстық сақталады, деп хабарлайды SteppeNews.kz «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамынша, солтүстік-батыс циклоны мен атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын күтіледі. Қостанай облысының жекелеген аудандарында, 19–20 шілдеде Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында, ал 20 шілде күндіз Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында қатты жаңбыр жаууы мүмкін.
Кей жерлерде бұршақ жауып, дауылды жел соғып, желдің күшеюі болжанады. Ал оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл болуы ықтимал.
Тек еліміздің оңтүстігі, оңтүстік-шығысы және 18 шілдеде орталық өңірлерде жауын-шашынсыз, күн ашық болады.
Жауын-шашынның әсерінен елдің солтүстік-батысы мен солтүстігінде күндізгі ауа температурасы +21…+29°C-қа дейін төмендейді.
Сонымен қатар Орта Азиядан келетін ыстық ауа массаларының ықпалы шығыс пен орталық өңірлерде сақталады. Осыған байланысты бұл аймақтарда ауа температурасы +35…+39°C-қа дейін көтеріледі.
Орталық және шығыс өңірлердің оңтүстік бөлігінде күннің ыстығы +42°C-қа дейін жетеді. Ал оңтүстік-батыста +44°C, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста +45…+48°C-қа дейін қатты ыстық күтілуде.
