SteppeNews.kz: ТЖМ мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында, Жаңалық ауылының маңында ашық аумақта құрғақ шөп жанып, кейін өрт орман шаруашылығына таралған. Алдын ала деректер бойынша, өрттің аумағы 7,7 гектарды құрады. Тілсіз жау жермен өте жылдам таралды.
Өртті сөндіру жұмыстары қатты, екпінді желдің салдарынан қиындады. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары, орман шаруашылығының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және ерікті өрт сөндіру жасақтары жұмылдырылды.
Іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында оқиға орнынан департаменттің дағдарыс орталығына бейнеконференцбайланыс ұйымдастырылды. Барлық қызметтердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде өрт сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.

