SteppeNews.kz: 22-26 сәуір күндері Астана қаласындағы Президент орталығында Astana Eurasian Book Fair – 2026 IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Орталық Азиядағы ірі мәдени-ағартушылық шаралардың бірі болып саналатын бұл жиын Туризм және спорт министрлігі бекіткен оқиғалық туризмді дамыту күнтізбесіне енгізілген.
Көрме-жәрмеңкені «Фолиант» баспасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырады. Шараға Қазақстаннан және әлемнің 15 елінен, соның ішінде Ресей, Түркия, Қытай, Ұлыбритания мен Испаниядан 80-нен астам компания қатысады. Қатысушылардың шамамен жартысы отандық баспалар мен ұйымдарды құрайды.
Бес күн бойы қонақтарға мазмұнды мәдени және іскерлік бағдарлама ұсынылады. Келушілер жаңа кітаптардың тұсаукесеріне қатысып, танымал авторлармен кездесе алады және арнайы автограф-сессиялар мен шеберлік сабақтарына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бағдарлама аясында 23 сәуір күні өтетін Ұлттық кітап күніне ерекше назар аударылып, «Ұлттық кітап» республикалық байқауы жеңімпаздары марапатталады.
Көрменің ресми ашылуы 22 сәуір күні сағат 11:00-де басталады. Салтанатты шараға мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, жазушылар мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысады. Көрме еліміздің мәдени имиджін нығайтуға және кітап оқу мәдениетін ілгерілетуге бағытталған.

