Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Адам құқықтары жөніндегі уәкілдері (омбудсмендер) шетелде жүрген азаматтардың өтініштерін қарау кезінде шұғыл әрекет ету үшін тікелей байланыс арнасын құруды пысықтауға келісті, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Бұл бастама Бішкекте өткен ШЫҰ елдері омбудсмендерінің кездесуі барысында талқыланды. Ресейдегі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Яна Лантратованың айтуынша, жаңа механизм азаматтардың құқықтарының бұзылуы, құжаттарды ресімдеу және қажетті қолдау көрсету мәселелерін шешу кезінде ұлттық құқық қорғау институттары арасындағы өзара іс-қимылды жеделдетуге мүмкіндік береді.
«Бүгінгі таңда іс жүзінде адамдарға көмектесетін жұмыс істейтін жүйені құру маңызды. Өзге елде қалып, құқықтарының бұзылуына тап болған, қайда барарын және кімге жазарын білмейтін азаматтар үшін біз халықаралық құқық қорғау ынтымақтастығын дамытып жатырмыз», — деп түсіндірді Лантратова.
Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар бірыңғай байланыс базасын құруға және төтенше жағдайларда әрекет ету регламентін әзірлеуге уағдаласты. Бұл өтініштерді қарау мерзімін қысқартуға және тараптар арасындағы ақпарат алмасудың жеделдігін арттыруға септігін тигізеді деп күтілуде.
Ресейлік омбудсмен аппаратының хабарлауынша, бұл механизм шетелде болған кезінде құқықтық немесе ұйымдастырушылық қиындықтарға тап болған ШЫҰ елдерінің азаматтарына көмек көрсетуге бағытталады.
Сәуле Түгелбаева
