Қытайдың Гуандун провинциясындағы Шэньчжэнь қаласында Халықаралық мангр ормандары орталығының алғашқы кеңес отырысы өтіп, ұйымның ресми ашылу рәсімі өтті. Осылайша, жаһандық бастама ретінде құрылған орталық толыққанды халықаралық ұйым ретінде өз қызметін бастады.
Орталықтың іске қосылуы Қытайдың мангр ормандарын қорғау бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және экологиялық бастамаларды қолдауға деген ұстанымын көрсетті.
Халықаралық мангр ормандары орталығын құру туралы бастаманы Қытай 2022 жылы Сулы-батпақты алқаптар туралы конвенцияға қатысушы тараптардың 14-конференциясында ұсынған болатын. 2023 жылы бұл бастама Конвенцияның Тұрақты комитеті тарапынан өңірлік бастама ретінде мақұлданды. Ал 2024 жылы алғашқы 18 мемлекет Шэньчжэнь қаласында орталықты құру туралы келісімге қол қойды. Келісім 2026 жылдың маусым айында ресми түрде күшіне енді.
Қазіргі таңда орталықтың құрамында 8 мүше мемлекет және келісімге қол қойған 13 ел бар. Олар Азия, Африка, Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы мангр ормандары кең таралған өңірлерді қамтиды.
Қытай соңғы жылдары мангр ормандарын қорғауға ерекше көңіл бөліп келеді. Елде Сулы-батпақты алқаптарды қорғау туралы заң қабылданып, мангр ормандарына құқықтық қорғау тетіктері енгізілді. Бүгінде Қытайдағы мангр ормандарының жалпы аумағы 31,7 мың гектарға жетіп, XXI ғасырдың басымен салыстырғанда 44 пайызға ұлғайған. Осы көрсеткіш бойынша Қытай мангр ормандарының аумағын тұрақты түрде арттырып отырған әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі саналады.
Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар мангр экожүйесінің тұтастығын сақтауға, биоалуантүрлілікті арттыруға және атмосферадағы көмірқышқыл газын сіңіру қабілетін күшейтуге мүмкіндік беріп отыр.
Халықаралық мангр ормандары орталығы – мангр ормандарын қорғау және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылған әлемдегі алғашқы үкіметаралық ұйым. Оның негізгі міндеті – мангр ормандарын қорғау, қалпына келтіру және орнықты пайдалану бағытындағы халықаралық әріптестікті дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу және мамандар даярлау.
Қытай тарапы орталыққа мүше мемлекеттермен бірлесіп ғылыми зерттеулерді, деректер алмасуды, кадрларды даярлау бағдарламаларын және бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл бастамалар жаһандық биоалуантүрлілікті сақтауға, климаттың өзгеруімен күресуге және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған.
Орталықтың алғашқы кеңесінде стратегиялық даму жоспары, жұмыс регламенті және басқа да негізгі құжаттар бекітіліп, бас хатшы мен оның орынбасары тағайындалды. Ұйымның хатшылығы ресми түрде Шэньчжэнь қаласында орналасады.
