Қытайдың Гуандун провинциясындағы Шэньчжэнь қаласында Азия-Тынық мұхиты медиафорумы басталды. Биылғы форум «Азия-Тынық мұхиты қауымдастығының ортақ өркендеуіне жол ашу: БАҚ консенсусы мен іс-қимылы» тақырыбына арналды. Бұл туралы SteppeNews.kz Синьхуа ақпараттық агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Форумға Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, ОК үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Ли Шулэй қатысып, негізгі баяндама жасады. Сондай-ақ шараға Гуандун провинциясы КПК комитетінің хатшысы Хуан Куньмин қатысты.
Қатысушылардың айтуынша, 2026 жыл АТЭС аясында «Қытай жылы» болып жарияланған. Биыл Қытайда АТЭС экономикалары басшыларының 33-ші бейресми кездесуі өтеді. Форум қонақтары бұл шараның Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Жиында бұқаралық ақпарат құралдарының өңірдегі даму мен ынтымақтастықты ілгерілетудегі рөліне ерекше назар аударылды. Қатысушылар БАҚ ашықтық пен интеграция туралы материалдар әзірлеп, елдердің түрлі салалардағы жетістіктерін жан-жақты көрсетуі қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар журналистика саласындағы бірлескен жобаларды, технологиялық инновациялар мен кадр даярлау бағытындағы ынтымақтастықты күшейту қажеттігі айтылды. Мұндай байланыстар халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.
Форумды Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Үгіт-насихат бөлімі, «Синьхуа» ақпарат агенттігі, Гуандун провинциясы мен Шэньчжэнь қаласының үкіметтері бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараға 40-тан астам ел мен өңірден, сондай-ақ БҰҰ және халықаралық ұйымдардан 400-ден астам өкіл қатысты. Форумның ашылуында Қытай мен шетелдік 16 ұйым Азия-Тынық мұхиты медиа серіктестігінің ұйымдастыру комитетін құру туралы бастама көтерді.
Келесі материал: 16,75%-дан 16,25%-ға дейін – Ұлттық банк неліктен мөлшерлемені төмендетуді жалғастырып жатыр?
