Алматыдағы The Ritz-Carlton қонақүйінде БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) 80 жылдық мерейтойына арналған UNICEF Anniversary Gala 2026 қайырымдылық кешінің ресми тұсаукесері өтті. Жылдың басты қайырымдылық оқиғасы 2026 жылдың 20 қарашасында өтпек. Шара 200-ден астам бизнес көшбасшысының, меценаттың, дипломат пен мәдениет қайраткерінің басын қосып, мектептердегі буллинг пен зорлық-зомбылықты жоюға, сондай-ақ балаларды цифрлық ортада қорғауға бағытталған ауқымды ұлттық мұратты мақсат етеді.4
БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) әлемнің 190-нан астам елі мен аумағында әрбір баланың өмір сүру, даму және жан-жақты қорғалу құқықтарын қамтамасыз ету бағытында еңбек етеді.

Неліктен басты назар буллингке аударылды?
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген ұлттық зерттеу деректері бойынша, қазақстандық балалардың 17,5 пайызы, яғни әрбір алтыншы бала ұдайы буллингке ұшырайды. Мектептегі және киберкеңістіктегі қудалау жасөспірімдердің психикасына кері әсер етіп, әлеуметтік оқшаулануға әрі оқу үлгерімінің төмендеуіне әкеп соғады.
Осыған орай, 20 қарашадағы салтанатты кеште жиналатын қаражат балаларды қорғаудың мынадай кешенді бағдарламасына бағытталады:
- 1 000 000 мектеп оқушысы буллингтің алдын алуға және қауіпсіз білім беру ортасын құруға арналған жүйелі бағдарламалармен қамтылады;
- 15 000 бейінді маман (мұғалімдер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер мен полиция өкілдері) қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтау және зорлық-зомбылық жағдайларына жедел ден қою бойынша қайта даярлаудан өтеді;
- 20 мамандандырылған орталық Қазақстанның барлық өңірінде «бір терезе» қағидатымен жұмыс істеп, зардап шеккен балаларға қайта жарақаттануға (ретравматизацияға) жол бермей, жан-жақты қолдау көрсетеді.

Рекордтық 283 миллион теңге қалай жұмсалды?
2025 жылы Алматыда өткен қайырымдылық кешінде жасөспірімдердің психикалық саулығын қолдауға рекордтық 283 миллион теңге жиналған болатын. Шара Еуропадағы Marriott қонақүйлер желісі арасында ең үздік қайырымдылық бастамасы деп танылды.
Ұйымдастырушылар сол бағдарламаның бүгінгі нәтижелерін жария етті. Қазірдің өзінде 200 000-нан астам маман оқытудан өтті. Соның ішінде 197 875 білім беру қызметкері «Senimdi Dos» бағдарламасын меңгерсе, 3 254 психолог пен 1 062 медицина қызметкері ДДСҰ мен ЮНИСЕФ-тің mhGAP халықаралық хаттамасы бойынша біліктілігін арттырды. Жоба Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Жамбыл мен Түркістан облыстарында іске асырылуда. Келесі кезеңде 140 000 жасөспірімді, оның ішінде қауіп тобындағы 10 000 балаға ерте көмек көрсету жоспарланған.
«Бала қатыгездікке тап болған шақта, қауіпсіздік ұғымы қарапайым ғана сезімдерден бастау алады: сыныпқа алаңсыз кіру, үйге қорықпай оралу және жанындағы ересектердің өзін тыңдап, қорғайтынына кәміл сену. ЮНИСЕФ-тің 80 жылдығында біз бірде-бір бала қиындықпен жалғыз қалмайтын мызғымас жүйе құру жолында мемлекетті, қоғамды және әлеуметтік жауапкершілігі зор бизнесті бір шаңырақ астына біріктіріп отырмыз», — деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі д-р Рашед Мұстафа Сарвар.
Аукцион лоттары мен мәдени бағдарлама
Тұсаукесер барысында 20 қарашадағы қайырымдылық аукционына қойылатын алғашқы сирек лоттар таныстырылды. Олардың қатарында Наталья Кривец пен Тьерри Плезанның жеке қорынан ұсынылған 1969 жылғы қазақтың дәстүрлі тұскиізі және Pygmalion галереясының негізін қалаушы Данагүл Төлепбай ұсынған Сальвадор Далидің «Тристан мен Изольда» (1970) топтамасынан шыққан құрғақ ине (drypoint) техникасымен орындалған эстампы бар.

Алдағы салтанатты кеште опера әншісі Мария Мудряк, орындаушы Dequine және The Jigits тобы өнер көрсетеді. Сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Ізгі ниет елшісі — ALEM (Ninety One) арнайы бейнеүндеу жолдады. Жиында The Ritz-Carlton, Almaty қонақүйінің бас менеджері Александр Селл мен Психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары Әсем Жұманова сөз сөйлеп, жасөспірімдерге қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
Gala-кешке қатысу, корпоративтік үстелге тапсырыс беру немесе аукционға лот ұсыну үшін ұйымның ресми unicefgala.kz сайтына өтуге болады.
Келесі материал: Гаухар Шидерина: «Қазақстан мен Қытай туризмде және кәсіби білім беруде жаңа стандарттар белгілеуде»
