2026 жылдың қаңтар–маусым айларында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қорғас автомобиль өткізу бекеті арқылы жел энергетикасына арналған 1 709 ірі көлемді жабдық тиелген көлік экспортталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44,3%-ға көп және осы бағыттағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Бұл туралы Қорғас кеденінің мәліметінде айтылды деп хабарлайды SteppeNews.kz, Синьхуа ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Есепті кезеңде Қорғас арқылы жел энергетикасына арналған ірі габаритті жабдықтардың экспорты айтарлықтай артқан. Атап айтқанда, жел турбиналарының қалақтары, генераторлық қондырғылар және басқа да жабдықтар Қазақстан, Өзбекстан секілді Орталық Азия елдеріне жөнелтіліп, өңірдегі жел электр станциялары жобаларын іске асыруға пайдаланылуда.
Қорғас кеденінің мәліметінше, бүгінде экспорттық жүктерді кедендік рәсімдеу кезеңдері 12-ден 4-ке дейін қысқарған. Соның нәтижесінде кәсіпорындардың қоймалау және жүкті қайта тиеу шығындары да едәуір азайған.
Сонымен қатар Қытай мен Қазақстан кеден органдарының халықаралық ынтымақтастығы аясында ірі габаритті жабдықтарға арналған «тікелей экспорт-импорт» арнайы дәлізі іске қосылды. Бұл рәсімдердің жеделдеуіне және шекарадан өтуді жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр.
Шыңжаңдағы логистикалық компаниялардың мәліметінше, кедендік рәсімдеу мен жабдықтарды жеткізу мерзімінің қысқаруы Орталық Азия елдерінен келетін тапсырыстар санының артуына оң әсер еткен.
