Өткен тәулікте, 11 шілдеде Қазақстанның екі өңірінде орман өрті тіркелді. Өрт ошақтары жоспарлы патрульдеу кезінде орман күзеті қызметкерлері тарапынан дер кезінде анықталып, оқиға орындарына «Қазавиаорманқорғау» мамандары жедел жіберілді. Бұл туралы SteppeNews.kz DKNews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мамандардың жедел әрекетінің арқасында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағындағы өрт толықтай сөндіріліп, жағдай тұрақтандырылды.
Ал Шығыс Қазақстан облысында өртті ауыздықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Өрт ошағын оқшаулау үшін арнайы техника, Ми-8 тікұшағы және авиациялық өрт сөндіру десанты жұмылдырылған.

Мамандардың айтуынша, шілде айы қалыптан тыс ыстық пен құрғақ желдің әсерінен өрт қаупі ең жоғары кезең саналады. Сондықтан бұл уақытта табиғи аумақтарда қауіпсіздік талаптарын сақтау ерекше маңызды.
Сала мамандарының мәліметінше, орман өрттерінің негізгі себебі – адам факторы. Атап айтқанда, отты абайсыз пайдалану, толық сөндірілмеген алаулар мен темекі тұқылдары тілсіз жаудың тұтануына себеп болып отыр.
Осыған байланысты жауапты органдар тұрғындарды табиғи аумақтарға барған кезде барынша сақ болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

