Алматыда шілде айындағы қалыптан тыс ыстық күндері жедел медициналық жәрдем қызметіне түсетін шақыртулар саны артты. Дәрігерлер әсіресе жүрек-қан тамырлары аурулары бар азаматтарға сақ болуға кеңес береді, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шілде айының алғашқы екі аптасында жедел жәрдем қызметіне 33,6 мыңнан астам шақырту түскен.
Статистикаға сәйкес, шақыртулардың шамамен 1,5 мыңы қан қысымының көтерілуіне байланысты тіркелген. Сондай-ақ 300-ден астам адам жүректің ишемиялық ауруы мен жедел миокард инфарктін қоса алғанда, жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
Бұдан бөлек, ми қан айналымының жіті бұзылуы анықталған 50-ге жуық науқас шұғыл түрде қалалық стационарларға жеткізілді.
Дәрігерлердің айтуынша, аптап ыстықтың әсерінен күн өту жағдайлары да көбейген. Өткен кезеңмен салыстырғанда мұндай себеппен жедел жәрдем шақырту саны екі есеге артқан.
Алматы қалалық жедел медициналық жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы Азамат Құрманбеков жоғары температураның адам ағзасына түсіретін салмағы айтарлықтай артатынын атап өтті.
Оның айтуынша, аптап ыстық кезінде жүрек-қан тамырлары жүйесіне күш түсіп, артериялық қысым күрт көтерілуі, жүрек ырғағының бұзылуы және ентігу байқалуы мүмкін. Сондай-ақ мұндай ауа райы миокард инфаркті мен инсульт қаупін де арттырады.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ыстық күндері ағзаның сусыздануы, тағамнан улану, ішек инфекцияларының таралуы және маусымдық аллергия белгілерінің күшею қаупі жоғарылайтынын ескертті.
Мамандар созылмалы сырқаты бар тұрғындарға денсаулық жағдайын жіті бақылауға кеңес береді. Ол үшін дәрігердің ұсынымдарын қатаң орындап, дәрі-дәрмектерді уақытылы қабылдау, қан қысымы мен қандағы қант деңгейін тұрақты тексеру, күннің ең ыстық уақытында сыртта ұзақ жүрмеу және жоспарлы медициналық тексерулерді кейінге қалдырмау маңызды.
