2026 жылы Қазақстанда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 1,1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, жобаларды іске асыру үшін құрылыс жұмыстарына 759 млрд теңге бағытталған. Ал 379 млрд теңге көлеміндегі жобалар бойынша ЕРС-мердігерлер анықталып, жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар отандық өндірушілерден қажетті материалдарды сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Биыл сондай-ақ инфрақұрылымының тозу деңгейі өте жоғары 8 кәсіпорынды орташа тозу санатына шығару көзделген.

Айта кетейік, 2025 жылы аталған ұлттық жоба аясында 547 млрд теңгеге 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделген. Сонымен қатар тәуекелі жоғары «қызыл» аймақта болған 8 кәсіпорын бұл санаттан шығарылды.
