2026 жылғы 31 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында тарихи оқиға болды. Қазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет Амур жолбарысының Үміт атты аналығы өзінің тарихи мекендеу ортасына жіберілді деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл қадам жолбарысты тарихи мекеніне қайтару және оның популяциясын қалпына келтіру бағдарламасын жүзеге асырудағы алғашқы практикалық кезең болды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы Нысанбаев, Ресей Федерациясының Әділет министрі, «Амур жолбарысы» орталығының бақылау кеңесінің төрағасы Константин Анатольевич Чуйченко, сондай-ақ ғылыми қауымдастықтың, халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері мен жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасына қатысып жүрген сарапшылар қатысты.
Жобаны іске асыру алдында Қазақстан, Ресей және халықаралық серіктестер бірнеше жыл бойы бірлесіп дайындық жұмыстарын жүргізді.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы Нысанбаев:
«Бүгін біз шын мәнінде тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Қазақстан аумағында жолбарыс жойылып кеткеніне 70 жылдан астам уақыт өткен соң алғаш рет жолбарыс өзінің тарихи мекендеу ареалына қайта жіберілді. Бұл – мемлекетіміздің, ресейлік әріптестеріміздің, ғалымдар мен халықаралық серіктестердің көп жылғы бірлескен еңбегінің нәтижесі. Алда жолбарыстарды тұрақты бақылау және орнықты популяция қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыс күтіп тұр. Дегенмен бүгін осы маңызды істің алғашқы әрі аса маңызды қадамы жасалды.»
«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағы кездейсоқ таңдалған жоқ. Өйткені Оңтүстік Балқаш өңірі мен Іле өзенінің бойы тарихи тұрғыдан Тұран жолбарысының табиғи мекені саналған. Бұл аумақта кезінде Орталық Азиядағы ең ірі жыртқыштардың бірі мекендеген. Алайда ХХ ғасырдың ортасында тоғайлы ормандардың қысқаруы, жабайы тұяқты жануарлар санының азаюы және браконьерліктің салдарынан жолбарыс Қазақстан аумағынан толықтай жойылып кеткен.

Жолбарысты тарихи мекеніне қайтаруға дайындық 10 жылдан астам уақыт жүргізілді. Осы кезеңде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, табиғи ортаны қалпына келтіру, қорек қорын көбейту, арнайы бейімдеу вольерлерін салу, қажетті инфрақұрылым қалыптастыру және ғылыми мониторинг ұйымдастыру жұмыстары атқарылды.
2026 жылдың мамыр айында Ресей Федерациясының қолдауымен Қазақстанға табиғи ортадан ауланған төрт Амур жолбарысы жеткізілді. Оның екеуі – ересек, ал екеуі 6–7 айлық жас жолбарыстар. Олар «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы арнайы бейімдеу вольерлеріне орналастырылды.
Табиғи ортаға жіберілер алдында Үмітке кешенді ветеринариялық тексерулер жүргізіліп, денсаулығы, мінез-құлқы, аңшылық қабілеті және адамға реакциясы мұқият бағаланды. Мамандар оның табиғи ортада өздігінен тіршілік етуге толық дайын екені жөнінде қорытынды шығарды.
Жолбарысқа GPS/GSM спутниктік қарғыбау тағылып, қазіргі уақытта оның қозғалысы, жаңа ортаға бейімделуі және аумақты игеруі тәулік бойы заманауи бақылау жүйелері арқылы қадағаланып отыр.
Мамандардың айтуынша, жолбарыс қоректік тізбектің ең жоғарғы сатысындағы жыртқыш ретінде табиғи тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан оның тарихи мекеніне қайта оралуы тек осы түрді ғана емес, бүкіл Оңтүстік Балқаш өңірінің экожүйесін қалпына келтіруге ықпал етеді.

Қазіргі уақытта аталық жолбарыс та мамандардың тұрақты бақылауында. Ол барлық мінез-құлық сынақтарынан сәтті өткеннен кейін ғана табиғи ортаға жіберіледі. Ал Қазақстанға жеткізілген екі жас жолбарыс арнайы вольерлерде өсіп, 18 айлық жасқа дейін бақылауда болады. Әр жануар бойынша жеке ветеринариялық және мінез-құлық бағалауы аяқталғаннан кейін табиғатқа жіберу туралы шешім қабылданады.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба Қазақстан мен Ресейдің, сондай-ақ халықаралық табиғат қорғау ұйымдары мен ғылыми қауымдастықтың бірлескен жұмысының нәтижесі. Бағдарламаның негізгі мақсаты – Іле өзені бойы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде жолбарыстың орнықты популяциясын қалыптастыру.
