Қазақстанда тамыз–қыркүйек айларында өтетін «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық аясында еліміздің әртүрлі өңірлеріне қару-жарақ, әскери техника және жеке құрам кезең-кезеңімен жеткізіледі. Бұл туралы SteppeNews.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Министірліктің мәліметінше, әскерлерді тасымалдау теміржол эшелондары, жалпыға ортақ пайдаланылатын автокөлік жолдарымен қозғалатын әскери автоколонналар, сондай-ақ майдандық және армиялық авиация арқылы аралас тәсілмен жүзеге асырылады.
Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығудың кешенді сипатта өтетінін атап өтті. Ол Қазақстанның барлық өңіріндегі оқу полигондарын қамтып, Қарулы күштердің қазіргі заманғы жағдайда жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығын бағалауға бағытталған.
Оқу-жаттығу барысында әскерлерді қолдану, құрлықта, әуе кеңістігінде, теңізде және киберкеңістікте бірыңғай жедел өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелері пысықталады.
Жоспарлы іс-шаралар әскерлердің жауынгерлік машығын жетілдіруге, әскери басқару органдарының, Қарулы күштер түрлері мен тектерінің, сондай-ақ арнайы әскерлердің бірлескен іс-қимылын нығайтуға және заманауи әскери әдіс-тәсілдерді дамытуға бағытталған.
Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін сабыр сақтап, тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.
Сондай-ақ жалған ақпарат тарату және шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.
