Қазақстанда дәрі-дәрмек өндірісін дамыту және импортқа тәуелділікті азайту фармацевтика саласындағы маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Осы ретте Алматы облысы Қарасай ауданының Көкөзек ауылында орналасқан «Келун-Казфарм» зауыты отандық дәрі өндірісінің ірі кәсіпорындарының біріне айналды деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Кәсіпорын инфузиялық ерітінділерден бастап онкологиялық препараттар мен фармацевтикалық субстанцияларға дейінгі өнімдерді шығарады. Зауыттың өндірістік қуаты ішкі нарықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ғана емес, қазақстандық өнімді сыртқы нарыққа шығаруға да мүмкіндік беріп отыр.

Өндірістің негізі 2012 жылы қаланды
«Келун-Казфарм» зауытының құрылысы 2012 жылы басталып, кәсіпорын 2014 жылдың шілдесінде жұмысын бастады. Жобаға бастапқы кезеңде 50 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынса, кейін тағы 10 миллион доллар қосылған. Осылайша, инвестицияның жалпы көлемі 60 миллион долларға жеткен.
Кәсіпорынның атқарушы директоры Мерей Сламулының айтуынша, зауытты іске қосу Қазақстан мен Қытай арасындағы өндірістік ынтымақтастықтың маңызды жобаларының біріне айналды.

«Біз бірігіп, 2012 жылы зауыт құрылысын қолға алдық. Бастапқыда 50 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылса, кейін қосымша 10 миллион доллар қосылып, жалпы қаржы көлемі 60 миллион долларды құрады. Нәтижесінде зауыт 2014 жылдан бастап өнім шығара бастады», – дейді Мерей Сламулы.
Зауыт құрылысы мен өндірістік процестерді ұйымдастыру кезінде халықаралық GMP (Good Manufacturing Practice) стандарттарының талаптары ескерілген. Бұл стандарт дәрілік заттарды өндірудің барлық кезеңдерінде сапа мен қауіпсіздікті бақылауды көздейді.
Кәсіпорынның жалпы аумағы 5 гектарды құрайды. Оның шамамен 20 мың шаршы метрі өндірістік цехтар мен зертханаларға тиесілі.
Үш бағыттағы өндіріс
Зауыттағы өндіріс бірнеше негізгі бағытқа бөлінген.
A желісінде инфузиялық ерітінділер өндіріледі. Бұл өнімдер стационарлар мен медициналық ұйымдарда кеңінен қолданылады.
K желісі онкологиялық препараттарды өндіруге бағытталған. Мұнда ісікке қарсы қолданылатын ампулалық дәрілер мен лиофилизацияланған препараттар шығарылады.
Ал Z желісінде дәрілік заттарды өндіруге қажетті белсенді фармацевтикалық субстанцияларды өңдеу жұмыстары жүргізіледі.



Бүгінде кәсіпорынның өнім ассортиментінде 100-ден астам дәрі-дәрмек түрі бар. Зауыт жылына 100 миллионға дейін флакон өнім өндіруге мүмкіндік беретін өндірістік қуатқа ие.
Онкологиялық препараттарды отандық өндіру
Кәсіпорынның маңызды бағыттарының бірі – онкологиялық ауруларды емдеуде қолданылатын препараттарды шығару.
Бұған дейін мұндай дәрілердің едәуір бөлігі шетелден импортталса, «Келун-Казфарм» өндірісінің жолға қойылуы бірқатар препараттарды ел ішінде шығаруға мүмкіндік берді. Кәсіпорында Цисплатин, Оксалиплатин, Гемцитабин секілді онкологиялық препараттар өндіріледі.

Бұл бағыттың маңызы пандемия және жаһандық логистикалық қиындықтар кезеңінде айқын көрінді. Дәрі-дәрмекті ішкі нарықта өндіру сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті төмендетіп, медициналық ұйымдардың қажетті препараттарға қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Компанияның бас директоры Чжан Цяньчэн кәсіпорынның жұмысын екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әлеуметтік маңызы бар жобасы ретінде бағалайды.

«Біздің жобамыз – екі елдің халықтарына игілігін тиетін, өмірлік маңызы бар базалық әлеуметтік бастама. Сондықтан бұл іске екі елдің үкіметі ерекше назар аударып, Қазақстан халқы зор қолдау көрсетіп отыр», – дейді ол.
Зауыттың қызметі фармацевтика өндірісімен ғана шектелмейді. Кәсіпорын жергілікті еңбек нарығына да үлес қосып отыр.
Қазіргі таңда зауытта шамамен 400 адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – қазақстандық мамандар. Сонымен қатар кәсіпорында тәжірибе алмасу және технологиялық процестерді жетілдіру бағытында 20-ға жуық қытайлық маман еңбек етеді.



Жергілікті қызметкерлердің қатарында химиктер, биологтар, инженерлер және басқа да техникалық бағыттағы мамандар бар. Бұл өндірістің дамуы Қазақстандағы фармацевтикалық кадрлардың тәжірибесін арттыруға да мүмкіндік береді.
Қазақстаннан сыртқы нарыққа
Кәсіпорынның өндірістік әлеуеті ішкі сұраныспен ғана шектелмейді. Халықаралық талаптарға сәйкес өндірілген өнімдерді Орталық Азия және ТМД елдерінің нарықтарына шығару бағытында да жұмыс жүргізіліп жатыр.
Компания басшылығы өндірісті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Чжан Цяньчэннің айтуынша, келесі кезеңде жобаға шамамен 20 миллион АҚШ доллары көлемінде қосымша инвестиция тарту көзделген.
«Алдағы уақытта қосымша 20 миллион доллар шамасында инвестиция құйылып, келесі кезеңде Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі әрі жоғары деңгейде модернизацияланған тәуелсіз кәсіпорын салу жоспарланып отыр», – дейді компанияның бас директоры.
Бұл жоспар өндірістік қуатты арттырумен қатар, Қазақстанның фармацевтика саласындағы технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Фармацевтикадағы жаңа кезең
«Келун-Казфарм» мысалынан Қазақстанда дәрі-дәрмекті тек импорттау емес, оны ел ішінде өндіру бағытындағы жұмыстардың да біртіндеп күшейіп келе жатқанын көруге болады.
Зауыттың инфузиялық ерітінділерден бастап күрделі онкологиялық препараттарға дейінгі өнімдерді шығару мүмкіндігі отандық фармацевтиканың өндірістік базасын кеңейтіп отыр. Ал жаңа инвестициялық жобалар іске асқан жағдайда кәсіпорынның өндірістік қуаты мен экспорттық әлеуеті одан әрі артуы мүмкін.
Фармацевтикалық өндірістің дамуы – медициналық өнімнің қолжетімділігін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу, мамандар даярлау және технологиялық тәжірибені ел ішінде қалыптастыру тұрғысынан да маңызды. Осы бағыттағы кәсіпорындардың көбеюі Қазақстанның дәрі-дәрмек нарығындағы тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Келесі материал: Қазақстанның күн қалқаны: Қытаймен серіктестік өңірді энергия тапшылығынан құтқарып, жасыл болашақ құра ала ма?
