Қазақстан Республикасының өкілдері Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасы (TRIP) бойынша XXI симпозиумына қатысты деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума, 70 ел мен 7 халықаралық ұйымның өкілдері, сондай-ақ авиация индустриясының халықаралық компанияларынан 600-ден астам делегат қатысты.
Қазақстан атынан симпозиумға Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов және Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің рәсімдерді оңайлату, жолаушылар мен жүктерге қызмет көрсету департаментінің директоры – бас авиациялық инспектор Всеволод Ким қатысты.
Қазақстан делегациясы «Seamless Travel in Practice» («Іс жүзіндегі кедергісіз саяхат») сессиясында спикер ретінде сөз сөйлеп, тұлғаны тану және жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру технологияларын енгізу тәжірибесін таныстырды.
Халықаралық авиациялық қоғамдастыққа Қазақстан әуежайларында автоматтандырылған шекаралық бақылауды енгізу нәтижелері, рәсімдерді жеделдету үшін биометриялық технологияларды пайдалану, сондай-ақ заманауи цифрлық шешімдерді мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау тәсілдері ұсынылды.
Сессия барысында Румыния, Сингапур және Хорватия өкілдері, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті.
Талқылау кезінде шекаралық бақылаудан кедергісіз өтудің жаңа тәсілдері, байланыссыз технологиялар, жолаушыларды цифрлық сәйкестендіру және заманауи шешімдерді ұлттық шекараны басқару жүйелеріне интеграциялау мәселелері қаралды.
Сонымен қатар қауіпсіздік, рәсімдерді оңайлату, дербес деректерді қорғау және жолаушыларға қолайлылық арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге назар аударылды. Енгізіліп жатқан жүйелердің ИКАО стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкес халықаралық үйлесімділігі де талқыланды.
Симпозиум барысында халықаралық авиациялық қоғамдастық өкілдері Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы даму қарқынын атап өтті. Сондай-ақ халықаралық стандарттарды енгізу, саланы цифрландыру және жолаушыларға қызмет көрсетудің заманауи технологияларын дамыту бағытындағы жұмыстар сөз болды.
Қазақстандық мамандардың ИКАО-ның халықаралық алаңдарында спикерлер мен сарапшылар ретінде қатысуы ұлттық тәжірибені таныстыруға, әлемнің авиациялық және шекаралық ведомстволарымен кәсіби байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Келесі материал: Кеннің құрамын зертханада тану: Қазақстанның тау-кен саласында технология қалай өзгеріп жатыр?
